Аптадағы маңызды жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев халықтың қалауы бойынша президенттікке өз кандидатурасын ұсынуға келісімін берді. Елордасы Астанада Нұр Отан партиясының кезекті 16-шы съезді өтті.

Сондай-ақ, аталмыш кеңес пен комиссияның мүшелері сайланды. Бастысы осы жиында «Нұр Отан» партиясының XVI съезіне қатысқан барлық делегаттар партия атынан сайлауға үміткер ретінде бір ауыздан Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсынды. Еліміздің әр өңірлерінен келген отандастарымыз тыңдаған Мемлекет басшысы саяси додаға қатысуға өз келісімін беріп, Президент сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысты қолдаған халыққа ризашылығын білдірді.

“Мен сайлауға тек бір мақсатты көздеп, қатыспақ ниеттемін. Ол – алдарыңызда жаңа, күрделі міндеттер қою және оларды орындау. Президенттікке халықтың өмірін жақсартуға бағытталған белгілі бір бағдарламалар жиыны бар адам ғана келуі керек. Ондай мақсаттар мен міндеттер болмаса, сайлауға қатысудың қажеті жоқ.

Барлық қазақстандықтарға менің еңбегіме жоғары баға беріп отырғандарыңызға алғыс білдіремін. Халықтың осындай сеніміне ие болудан артық бақыт жоқ. ҚР Республикасының президенттігіне өз кандидатурамды ұсынуға келісімімді беремін. Барлық қазақстандықтарды бірігіп, жеңіске жетуге шақырамын” деп атап өтті Елбасы. Еске сала кетейік, 16-съездің жұмысына 2 мыңға тарта қазақстандық қатысты. Олардың қатарында өңірден барған 77 делегат та бар. Олар да, Елбасына өз сенімдерін білдіріп, әлемдік дағдарысқа қарсы бірігіп қарсы тұратындарын жеткізді.

Анатолий Рафальский – “Тайынша Астық” ЖШС бас директоры.

-Бүгін күллі әлімді қайта дағдарыс жайлағанда, ауыл еңбеккерлері ертеңгі күндерін ойлап, қам жемейді. Өйткені, біз мемлекеттің бұл ауыртпашылықтарды жеңетіндей нақты жоспары бар екендігіне көз жеткіздік. “Нұрлы жол” бағдарламасы аграрийлерге ауылдық аумақтарды инфрақұрылымдық дамыту арқылы көмек қолын созуда. Сондай-ақ, біз бұны тек дағдарысқа қарсы әрекет амалдарының жиыны ғана емес, бәсекеге төтеп беруге септесетін құжат ретінде де танып отырмыз. Өйткені, қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одақ аясында біздің алдымызда Ресей мен Белорусияның нарықтарына шығу мүмкіндігі ашылды. Қазір барлық жағдайлар жасалуда. Біздің міндетіміз – тек білек сыбанып еңбек ету. Мен поляк ұлтының өкілі ретінде, сіздің ұлтаралық келісімді сақтауға бағытталған саясатыңыз үшін де шексіз алғысымды білдіремін. Мен Елбасына сенемін. Және барлық аграрийлердің атынан біздің дауысымыз сізге берілетінін жеткізгім келеді.

Съездің жұмысы туралы әзірленген толық материалды наурыздың 12-сінде шығатын жаңалықтарымызда назарларыңызға ұсынатын боламыз.

 

 

Гульмира Шохтыбаева.