Спорт

Петропавлда Жамбыл Тасеменовтің жүлдесі үшін республикалық ашық турнир басталды

Руслан Есеналин – СҚО спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы.

-Құрметті жарысқа қатысушылар және қонақтар сіздерді КСРО-ның спорт шебері Жамбыл Тасеменовтың жүлдесі үшін ұйымдастырылып отырған турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Сайыста бақтарыңыз жанып, жеңістерге қол жеткізіңіздер.

Жалпы Жамбыл Тасеменов Солтүстік Қазақстанға ғана емес бүкіл Қазақстанға еңбегі молынан сіңген ардагер спортшы. Ол 1997 жылы өңірде спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының ашылуына мұрындық болған. Бүгінде 70-ке аяқ басқан еңбек демалысындағы спорт шебері СҚО-ың құрметті азаматтарының бірі.

Жамбыл Тасеменов – ҚР құрметті спорт қайраткері.

-Бұл турнир менің мансабымды көтеру үшін өткізіліп жатқан жоқ. Спортшы балалардың тәжірибелері артып, алда ел намысын қорғайтын мықты палуан атансын деп ұйымдастырылып отыр.

Боз кілемге алғашқылардың бірі болып 38 келі салмақ дәрежесінде облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаты командасының палуаны Давид Звягинце мен ресейлік Петухово қаласынан келген Андрей Батичков шықты. Белдесудің басынан қонақ спортшы басымдық танытты. Алға ұмтылған көк жейдедегі спортшы Давидті жамбасқа лақтырып ұпайларымен алға шықты. Десе де, жерлесіміз бар күшін салып, жіберген еселерін қайтара алды. 4 минутқа созылған белдесуде теріскейлік балуан жеңімпаз атанды.

Давид Звягинцев – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы.

-Қарсыласым мықты болды. Осал деп айта алмаймын. Тәжірибесі мол. Екеуіміз бірінші рет кездесіп тұрғандықтан белдесу қиынға соқты. Жалпы бапкердің берген нұсқауларын ұтымды пайдаландым деп ойлаймын.

Жалпы бұл жарыста палуандар екі күн бойы мықтыны анықтайтын болады. Үздік атанып, топ жарғандары Алматыда Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін өтетін турнирге жолдама алады.

Мейрам Хамзин – жарыстың бас төрешісі.

-Бұл жарыста спортшылар 13 салмақ дәрежесі бойынша күресіп жатыр. Олардың жас ерекшеліктер 1998 бастап 2000-нан жоғары.

Сайыс қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар кубок, грамота және де Жамбыл Тасеменов бейнеленген медальдармен марапатталады.

 

Риат Шони.