Спорт

Петропавлда күш құрылымдары арасында шаңғы жарысынан спартакиада өтті

Қайырбек Орынбаев – “Динамо” спорттық қоғамы директорының бірінші орынбасары

– Спартакида “Динамо” клубының 90 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Осы жолы спорттық шараға облыстан жиналған 20 шақты команда қатысуға ниет танытып отыр. Әр құрама 3 ер адам мен 1 нәзікжандыдан құралған.

Көп ұзамай шаңғы жолына шыққан сайыскерлер тартысты доданы бастап кетті. Ең бірінші болып жарыс жолына нәзікжандылар шықты. Ойын ережесіне сәйкес бұрымдылар 3 км қашықтықты бағындырулары тиіс. Бұл сында Есіл ауданынан келген нәзікжанды Тәтті Жаутаева аудан намысын абыроймен қорғап шықты.

Тәтті Жаутаева – шаңғы жарысына қатысушы, Есіл ауданы

– Спартакиданың қашықтығын орташа өттім деп ойлаймын. Мұндай спартакиадаға қатысу мен үшін, яғни өзімнің денсаулығымды, салауатты өмір салтын ұстану үшін, ішкі істер органдарында жұмыс істегендіктен әр-түрлі шараларды өткізген жақсы деп есептеймін.

Қыз-келіншектердің сайысы аяқталысымен, жарыс жолына ер азаматтар шықты. Міне, дәл осы сында қай қатысушының мықты екендігін анықтайтын мүмкіндік бар. Бұл бәйгеде де мықтылар анықталып жатты. Оларға берілген қашықтық 5 км. Биыл шаңғы турниріне қатысуға бел буған спортшылар қатары артқан. Солардың қатарында өрт сөндіру қызметінің мамандары да бар.

Серік Ағатаев – ІІМ СҚО ТЖД өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі

– Мұндай спорттық жарыстардың өткені жақсы әрине. Шаңғы жолы да ойдағыдай, жүруге жеңіл. Турнир біздің бір сәт болса да жұмыстан қол үзіп, дене дайындығын көрсетуімізге мүмкіндік беріп отыр. Бірінші рет қатыссақ та, командамыздың жеңістен үміті бар.

Енді арнайы орган мамандары самбо, оқ ату және волейболдан бақталастырмақ. Сөйтіп, барлық 4 ойын қорытындысы бойынша 20 команданың ішінен ұпай саны жоғары үздік құрама анықталатын болады.

 

 

Бакыт Садуакасов.