Билік

Теріскейде іскер әйелдердің форумы өтті

Мария Богданова – «Богданова» ЖК директоры.

-Бизнес саласында еңбек етіп жүргеніме 5 жыл болды. Бүгінгі күні шығарып отырған өнімдерімізге сұраныс бар. Себебі барлығы табиғи, еш қоспасыз дайындалады. Енді кәсібімді ұлғайтсам ба деген ойдамын. Ол үшін Даму қорынан жеңілдетілген несие алуды жоспарлап отырмын. Қазір Елбасы шағын және орта бизнеске ерекше көңіл аударады. Сондықтан бұл бағытта түрлі бағдарламалар жетерлік қой.

Облыста іскер әйелдердің форумы осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Айтулы шараға әр салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатысты. Көбісі шаруасын енді дөңгелеткен кәсіпкерлер. Басқосуды облыс әкімі Ерік Сұлтанов ашып, жиынның жұмысына сәттілік тіледі.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Елбасы Нұрсұлтан назарбаев халыққа арнаған өз жолдауларында әйел мен бала мәселесін назардан шығарған емес. Бүгінгі күні елді дамытудағы қазақстандық әйелдердің рөлі және қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігі артып келеді. Біздің өңірімізде ерлермен қатар лауазымды қызметте, сондай-ақ шағын және орта бизнестің бел ортасында жүрген нәзік жандылар аз емес.

Еліміздегі іскер әйелдер қауымдастығына биыл 20 жыл толмақ. Осы уақыт аралығында ұйым талай бұрымдының бизнесін жандандырып, аяққа тұрып кутуіне сеп болған. Бұл жұмыстар болашақта да жалғасын таппақ. Ол үшін мемлекет бар жағдайды жасап отыр.

Раушан Сәрсембаева – Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті.

-Елімізде 30 мыңнан астам кәсіпкер әйел болса, оның 29 пайызында өздерінің серіктестіктері, кәсіпорындары бар. Жалпы бұл нәзік жандылар елдің ішкі жалпы өнімінің 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Елбасы өзінің кезекті жолдауында шағын және орта бизнес саласын жандандыруға қомақты қаржы бөлінетіндігін айтты. Бұл бағытта азаматшаларымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп жіберуіміз қажет.

Кездесуде әйелдердің белсенділігін арттырып, кәсіпкерлікке үйрету мәселелері айтылды. Бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында 400-ден астам азаматша өз кәсібін дөңгелетіп отыр. 2014 жылы теріскейде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 142 кәсіпкердің жобасы субсидияланған. Оның ішіндегі 43 жоба нәзік жандылар тарапынан түскен екен.

Ләззат Ибрагимова – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы.

-Кәсіпкер әйелдерге жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр. Жобаны Дельта банкпен бірлесе жүзеге асырамыз. Несиенің 10 пайызы субсидияланып, оны Үкімет атынан «Даму» қоры төлейтін болады. Келесі жылы біз Қызылжар қаласында 50 нәзік жанды қатысады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша бұйыртса тағы бір жоба жүзеге аспақ елімізде. Қазір сұрақ Үкімет үйінде қарастырылып жатыр. Яғни шағын қалаларда, аудандармен елді-мекендерде кез-келген кәсіпорын ашамын дегендерге қолдау көрсетілмек. Бұнда да субсидияның 10 пайызын мемлекет өзі өтейтін болады. Жиын барысында Ерік Сұлтанов облыс әкімінің гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісін тағайындады. Бұл лауазымға Бақытжан Сәмиева лайық деп танылды. Форум соңында шараға қатысушылар нәзік жандылардың болашақ жұмысы жайында резалюцияны қабылдады.

 

 

Самат Джакупов.