Спорт

Петропавлда “Жас Отан” кубогі үшін волейболдан жарыс өтті

Гүлімжан Қайырбекова – СҚО “Студенттер Альянсы” командасының мүшесі.

-Жарысқа алғаш рет қатысып отырмын. Тек қана жеңісті күтемін.

Жалпы “Жас Отан” жастар қанаты спорттық жарыстарды жыл сайын ұйымдастырып тұрады. Кейінгі толқын өкілдерінің мұндай сайыстарды өткізудегі көздеген мақсаты өз замандастарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады.

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” ЖҚ “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы.

-Бұл жарыс Президентіміздің “Саламтты Қазақстан” жобасы аясында өткізіліп жатыр. Оған 6 команда қатысуға ниет білдірді.

Алғашқылардың бірі болып алаңға СҚО-ның “Студенттер Альянсы” мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің өкілдері шықты. Қос қарсылас бір-бірімен бұрын-соңды кездеспегендіктен, бір-бірінің айла-тәсілдерінен хабарсыз. Десе де, департамент қызметкерлерінің жарысқа мықты дайындықпен келгіндігі айқын көрініп тұр. Ешбір допты қалт жібермей, қарсыластарының алаңына жойқын соққылармен бағыттап, ұпайларды қоржындарына бірінен соң бірін салуда. Мұндай азулы командаға тойтарыс бере алмаған Студенттер Альянсының құрамасы 0-2 есебімен жеңіліс тапты.

Жұлдыз Нұрмұқанова – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті құрамасының ойыншысы.

-Бізде аптаның жұма күні спорт күні болып белгіленген. Сол себепті де дайындықтарымыз мықты болды.

Жалпы жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, мақтау қағазы және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

 

 

Риат Шони.