МТРА жаңалықтары

Петропавлда 2015 жылдың атаулы күндеріне арналған күнтізбе жарыққа шықты

Сәуле Мәлікова – СҚО мемлекеттік мұрағатының директоры, күнтізбені құрастырушы.

-Күнтізбе екі бөлімнен тұрады. Біріншісінде 2015 жылдың айлары мен күндері бойынша хронологиялық тізбекпен орналасқан оқиғалар мен күндер берілген. Ал екіншісінде тек жыл бойы атап өтілетін мейрамдар жазылған. Мерекелік не атаулы күндерді жариялауға ҚР-ың бірнеше ресми құжаттары негіз болды.

Жалпы күнтізбеде 256 күн көрсетілген. Сонымен қатар 33-тен астам датаға қысқаша ақпараттық анықтамалар беріліпті. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 және Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды мерейтойлар бар.

-Күнтізбеде белгіленген жуық арада орын алатын айтулы даталардың бірі ол – «Солтүстік Қазақстан» басылымының алғашқы санының жарыққа шыққанына 95 жыл толуы болып отыр. Аталмыш газеттің бірінші саны баспадан 22 ақпан күні шығыпты.

Бұл жинақтың жарыққа шығуын жергілікті ұстаздарда қолдап отыр. Солтүстік Қазақстан кәсіби педагогикалық колледжінің оқытушысы Ольга Шевчук аталмыш күнтізбе білім ордасында маңызды шараларды назарсыз қалдырмай, тиісті іс-шаралар ұйымдастыруға септеседі деген ойда.

Ольга Шевчук – СҚ кәсіби педагогикалық колледжінің оқытушысы.

-Менің ойымша бұл күнтізбе өңіріміздің тұрмыс-тіршілігі жайында жақсы ақпарат беретін басылым. Біз студенттермен жұмыс жасағанда жыл сайын осындай кітаптарды пайдаланамыз. Осының арқасында шәкірттеріміз өздерінің атақты жерлестері мен олардың туған жылдарын, күндерін біле алады.

Солтүстік Қазақстан облысының 2015 жылға арналған атаулы және есте қаларлық күндері күнтізбесінің таралымы қазақ тілі мен орыс тілдерінде 100 данадан. Бұл кітапқа қызығушы жандар оларды жергілікті кітапханлардан, мұрағаттан немесе мұражайдан ала алады.

 

 

Риат Шони.