МТРА жаңалықтары

Облыстық Кәсіподақ ұйымының мүшелері кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысты қолдайды

Жамал Ахметова – СҚО кәсіподақ ұйымының төрағасы.

-Қазір әлемде, соның ішінде еліміздің төңірегінде қандай экономикалық және геосаяси оқиғалар болып жатқанын білесіздер. Бұл жағдайларда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу дұрыс деп ойлаймын. Ол ең алдымен тұрақтылық пен тыныштық факторы болмақ. Сондықтан, мен бұл дұрыс ұсыныс деп санаймын және аталған бастаманы жеке өзім қолдаймын.

Еліміз егемендік алғалы дамудың даңғыл жолына түсті. Көптеген өміршең бағдарламалар қабылданып, олардың барлығы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға сеп болды. Сондықтан, құрамында 1500-ден астам мүшесі бар пошта байланыс қызметкерлері кәсіподағының ұйымы да президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу ұсынысын қолдап отыр.

Береке Шопенова- Пошта байланыс қызметкерлері кәсіподағының төрайымы.

-Бүгіндері еліміз дамып келеді. Түрлі бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Соларды жалғастыру қажет.

Қазіргі таңда өңірде мыңнан астам кәсіподақ ұйымдары бар. Бүгінгі кездесу барысында олар ассамблея өкілдері айтқан ойды қолдап, үндеу жасамақ. Кейін ол барлық облыстағы кәсіподақ ұйымдарына жөнелтілетін болады.

 

Магжан Ахмадина.