Екатерина Мордвинцева, “РОСТАН” ЖШС май зауытының сапа бойынша маманы, Аққайың ауданы
– Зертханада тұрғындардан қабылданған шикізат пен дайын өнімнің сапасы тыңғылықты сараптамадан өтеді. Дайын тауарымызды кеден одағына мүше елдерге еркін саудалай аламыз. Өйткені, біздегі сапа көрсеткіші одаққа мүше мемлекеттерде бекітілген стандарттарға сай келеді. Сондай-ақ, кәсіпорында өнімді сақтау мерзімі сияқты технологиялық талаптарға көп көңіл бөлінеді.
Бүгінде мұнда 50-ге жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 55 мың теңгені құрайды. Марина Вист осы мекемеде 10 жыл еңбек етеді. Ол Лесное селосында осындай зауыттың болғанына қуанады.
Марина Вист, “РОСТАН” ЖШС май зауытының жұмысшысы, Аққайың ауданы
– Жұмысым өзіме ұнайды. Табысым уақытында түседі. Ауылдағы әйелдердің біразы осында істейді. Бізде жасалатын майдың сапасы жақсы деп айта аламын. Май, ірімшіктерді әзірлеуде консервант, ароматизатор мен бояуларды қоспаймыз. Өнім экологиялық таза болғандықтан тұтынушылардан да шағым түскен емес.
Былтыр мұндағылар кәсіпорын қаражаты есебінен 5 млн. теңгеге бу қазандығын, сепаратор сынды біраз қондырғыларды жаңартыпты. Соның арқасында олар биыл қабылданатын шикізат қорын 15 пайызға ұлғайтпақшы. Зауыт өткен жылы 199 млн теңгенің өнімін шығарып, оны Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Қарағанды, Астана қалаларына жеткізеді.
Ел президенті биылғы Жолдауында тамақ өнеркәсібін дамытуға басымдық беріп, ел қазынасынан шағын және орта бизнесті дамытуға 100 млрд теңге бөлді. Осы демеудің арқасында отандық тауар өндірушілердің жағдайы жақсарып келеді.
Надежда Бердюгина, “РОСТАН” ЖШС май зауытының бас технологы, Аққайың ауданы
– Былтыр 1 960 тонна шикізат сатып алдық. Одан өңделген кілегей майының мөлшеріне байланысты мемлекеттен субсидия алдық. Бұл біз үшін үлкен қолдау. Біз осының арқасында сүт тапсырушылармен толығымен уақытында есептесіп тұрамыз. Тиісінше, олар бізбен тығыз жұмыс жасайды.
Зауыт өнімнің сапасы уақытпен дәлелденген. Кәсіпорын соңғы 4 жыл көлемінде “Алтын сапа”, “Қазақстанның үздік тауары” байқауларына қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған.
Айтпақшы, “РОСТАН” ЖШС май зауытында үдемелі индустриялық инновация бағдарламасы аясында жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
Марат Қазенов, Аққайың аудандық кәсіпкерлер бөлімінің басшысы
– Жыл басынан бері Аққайың ауданында индустриаландыру картасы бойынша 2 жоба жүзеге асты. Оның бірі “Леонов” шаруа қожалығының сүт кешені болса, екіншісі, “Зенченко КТ” элеваторы. Ал, үдемілі индустриялық инновациялық бағдарламасының 2-ші бесжылдығына 4 жоба мақұлданды. Онда “РОСТАН” ЖШС-гі де бар. Аталмыш мекемедегі қодырғыларды жаңалауға 50 млн теңге қаражат бөлінетін болды.
Жалпы Аққайың ауданында үдемілі индустриялық инновациялық бағдарламасының 2-ші бесжылдығына жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын 4 жоба енген. Өндірістер толық қуатына көшкен соң аталмыш ауданда 80 жаңа жұмыс орны пайда болады.
Берик Касен.