Мәдениет

Жерлес өнерпездар ерледі

Татьяна Мархалюк “Сібір жұлдыздарды жайнатады” байқауында әнші Ани Лорактың “Солнце” атты әнін орындап, 3 дәрежелі дипломант атанған.

Татьяна Мархалюк, №1 өнер мектебінің оқушысы

– Мен 8 жасымнан ән айтып жүрмін. Ал, қалалық, облыстық, халықаралық байқауларға шығып жүргеніме 3 жыл болды. Ал Омбыдағы сайыста эстрадалық вокал аталымында 15 үміткермен бақ таластырып, бар өнерімді паш еттім.

Ал Дина Жолаушина Омбы қаласында өткен байқауда фортепианода Александр Штейбелттің “Адажио” туындысын орындап, ол да 3 дәрежелі дипломға ие болды.

Дина Жолаушина

– Маған фортепианода ойнаған ұнайды. Мен байқауға біраз дайындалдым. Музыкамен айналысқаныма 2 жыл болды.

Сондай-ақ, №1 өнер мектебінің бишілер тобы Түмен қаласында ұйымдастырылған бүкілресейлік байқауға қатысып, олжалы қайтты. Онда 35 пен 50 жас аралығындағы синьорлар солосы аталымында жергілікті оқу ошағының ұстаздары да сайысқа түскен екен. Бұл сында 15 үміткердің ішінде Светлана Мархалюк үздік шықты.

Светлана Мархалюк, №1 өнер мектебінің би бойынша оқытушысы

 

– Байқауға 700-ден астам өнерпаз қатысты. Үміткерлердің барлығы Ресей қалаларынан болды. Біз Қазақстаннан жалғыз бардық. Бәсеке тартысты өтті. Біздің шығармашылығымызды белгілі өнер майталмандары бағалады.

Жалпы Түмен қаласында 4 жерлесіміз алтын медальға ие болған.

Берик Касен.