Бизнес және экономика

Төл теңгеміз тұрақты болып қалмақ

Нұрсұлтан Назарбаев- ҚР Президенті

– Инфляцияның болуына жол бермеу, теңге бағамының өзгеруіне жол бермеу керек. Ұлттық банк төрағасы маған бұл жұмыстардың жасалып жатқандығын айтты. Мен оған сенемін. Сондықтан біз халықтан ештемені жасырмай, бар қиындықтар туралы айтамыз. Тұрғындар ресми деректерге ғана сенуі қажет.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы нақ осы кезеңінде доллар құны шарықтап, теңге құлдыраған болатын. Ұлттық банк өкілдері биыл ол жағдай қайталанбайды деп отыр.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық Банкі” РММ СҚФ директоры

–  Теңгенің долларға қарағандағы бағасына корридор жариялаған болатын.Ол 178-ден 188-ге дейін. Бүгінгі күні 1 долларға 185 теңге белгіленген.Сондықтан алдағы уақытта өзгеріс болмайды.

Экономистер бүгіндері ел тұрғындарының депозиттерін сақтандыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын айтуда. Өңірдегі екінші деңгейлі банктерге өз салымдарын сеніп тапсырғандар саны 2013 жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға артқан. Сөйтіп, депозиттегі қаражат 64 млрд теңгені құрапты.

Жомарт Қажырақымов – “ҚР Ұлттық Банкі” РММ СҚФ директоры 

– Бұрындары депозиттерді сақтандыруға 5 млн теңге бөлінсе, биыл 10 млн теңге қарастырылды. Ол егер банк банкрот болған жағдайда да сізге қаржыңыз қайтарылып береді деген сөз. Сондықтан ақшаны банктерде сақтаңыздар.

Елбасы сонымен қатар проблемалы несиелерден құтылып, банктердің кредит қабілеттілігін қайтару қажеттігін айтты. Осыған байланысты Қазақстан Президенті экономиканы несиелік ресурстармен қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлуді тапсырды. Алмақтың да салмағы бар демекші. Ол қаржының тиімді жұмсалуын арнайы комиссия қадағаламақ.

 

Магжан Ахмадина.