Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшыларының еңбегі еленді

Қанат Айтпаев – Петропавл қалалық ІІБ бастығы

– Бүгінде патрульдік бекетте 67, қылмыстарды іздеу бөлімінде 7, тергеу саласында 9 жас полицей еңбек етеді. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларының жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Сол себепті де олар өз ісіне жауапкершілікпен қарап, қоғамдық тәртіпті қадағалауда аянбай еңбек етуі керек.

Бүгінгі кездесуде ІІО-да көп жылдық қажырлы еңбегі үшін Петропавл қаласы ІІБ-ың қызметкерлері шаһар басшысы Марат Тасмағанбетовтың қолынан жаңа пәтердің кілттеріне ие болды. Қуанышқа бөленгендердің қатарында Баймұқановатар отбасысы бар. Ерлі-зайыптылар ішкі істер органдарында 15 жыл қызмет етіп келеді. Бұған дейін олар жалдамалы пәтерде тұрған екен.

Раушан Баймұқанова – Петропавл қаласы ІІБ айдауылдау қызметі бөлімшесінің полицейі

– Бүгін бізге пәтердің кілтін табыстағанына өте қуаныштымыз. Бұған дейін біз көп жылдар бойы жалдамалы үйде тұрғанбыз. Енді өз баспанамыз бар.

Сонымен қатар іс-шара барысында жас қызметкерлер де қошеметке бөленді. Екі бірдей тәртіп сақшысы өздерінің алғашқы офицерлік атақтарын алды. Оған қоса, бірқатары қоғамдық тәртіпті қадағалауда сүбелі үлесін қосқаны үшін СҚО ІІД бастығының алғыс хаттарымен марапатталды.

Арман Тоқжанов – Петропавл қаласы ІІБ екінші полиция бөлімінің тергеушісі

– Мен 2014 жылдың наурызынан бастап қызмет етіп келемін. Қазіргі шенім полиция лейтенанты. Болашақта қызметке үлкен табыстарға жетуге тырысамын. 2015 жылдан бастап мемлекетімізде көптеген заңдарға өзгертулер енгізілді. Енді оларды міндетті түрде оқып, жаттап, тәжірибе жүзінде тәжірибемді шыңдаймын.

Кездесуден кейін жиналған жұрт СҚО ІІД-ің мұражайын тамашалауға аттанды.

 

Риат Шони.