Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елбасы жаһандық дағдарыс кезінде жұмыс орындарын қысқартпаудың жолдарын көрсетті

Нұрсұлтан Назарбаев- ҚР Президенті

– Адамға не керек? Оған жұмыс орны, баспанасының, жалақысының жақсы болуы маңызды. Бұл балаларын оқыту, емдеу үшiн керек. Мiне, осы қажет. Бiз мұны iстеуiмiз керек. Әрбiр өңiрде жұмыспен қамтуға қолғабыс болатын бағдарламалар әзiрленуi тиiс. Сонымен қатар, менiңше, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын қозғамау керек. Ол өз тиiмдiлiгiн көрсеттi. Оның арқасында 2011-2014 жылдары 260 мың адам жұмыспен қамтылып, 120 мың азамат оқытылды. Қазiргi таңда 200 мың адаммен келiсiм жасалған. Бұл бағдарламаны бiз қалайша тоқтатып тастаймыз? Жаңа қауiп-қатерлердi ескере отырып, оны жандандыра түсу шарт. Бұл – әкiмдер үшiн жұмыспен қамтудың жақсы тетiгi болмақ.

Елбасының еңбеккерлер жайлы айтқан ойын теріскейліктер қолдауда. 20 жасынан Петропавл ауыр машина жасау зауытында еңбек етіп жүрген Владимир Цыганов бүгінгі күні зауытта қызметкерлер үшін жасалған жағдайға риза. Өмірінің бақандай 40 жылын осында еңбек етуге арнаған ол, қазір мұнай- газ саласына қажетті құрылғыларды жасаудың барлық қыр-сырын меңгерген.

Владимир Цыганов- «Петропавл ауыр машина зауытының» АҚ операторы

– Менің ойымша, өз ісін жақсы меңгеріп, жұмысын беріліп істеген әрбір маман қызметте бағалы болады. Жалпы мен бұл кәсіпорында ұзақ жыл еңбек етемін. Түрлі жағдайларды бастан өткердік. Сонда да еңбек адамының құқығына нұқсан келген емес. Жас мамандардың тәжірибе жинақтап, дұрыс еңбектенуіне бар мүмкіндік қарастырылған.

Бүгіндері заутта 1200-ден астам адам еңбек етеді. Жұмыс екі аусымда жүреді. Жаңа жылдан бастап кәсіпорын қуатын күшейтпек.

Владимир Зарубин- «Петропавл ауыр машина зауытының» АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы

– Елбасымыз өзінің әрбір сөзінде, қарапайым адамдардың жағдайына көп көңіл аударады. Сондықтан, еңбек адамы елімізде кез келген уақытта бағаланады. Қазір әлемде үлкен дағдарыс белең алуда. Соны ертерек болжаған көреген басшы, Елбасымыз өз жолдауларында кәсіпорындарды қолдап, жұмысшыларға барынша жағдай жасауды тапсырған болатын. Тек бейбітшілік пен келісім бар ұжымдарда ғана алға ілгерілеушілік пен тұрақтылық болмақ. Қызметкер мен жұмыс берушінің арасында жақсы қарым-қатынас орнаса сонда ғана істе нәтиже көрінеді.

Өткен аптада өңірдегі кәсіпорындар мен облыстық әкімдік, сондай-ақ ұлттық компаниялар арасында әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Ондағы мақсат жұмыс орындарының сақталуы. Сөйтіп, бұл меморандумдар Елбасы тапсырмасын орындауға сеп болмақ.

 

Магжан Ахмадина.