Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың қорытынды есептік кездесуі өтті

Шаһар басшысы әдеттегідей ең алдымен тұрғындарды өткен жылы атқарылған жұмыстардан құлағдар етті. Кейін алда атқарар жоспарларымен бөлісті. Жеңістің 70 жылдығын тойлауға аз ғана уақыт қалды. Сондықтан бейбіт күнді жақындатуға үлес қосқан бірде бір қарт майдангер ескерусіз қалмауы тиіс. Ал Петропавлда олардың саны- 159. Жеңіс жауынгерлеріне тағы 6 мыңнан астам тыл еңбеккерін қосыңыз. Бұл ретте облыс орталығында ауқымды шаралар қолға алынған.

Марат Тасмағанбетов- Петропавл қаласының әкімі

– Жеңістің 70 жылдығына орай Жеңіс саябағын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қалалық мәслихат депутаттарының шешімі бойынша жергілікті бюджеттен ҰОС-на қатысушыларна 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлемақы жасалмақ. Ал тыл еңбеккерлеріне 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде беріледі. Олардың тіс емдеуіне және санаторлық- курорттық сауығуға жіберуге көмек көрсетілетін болады. Ол мақсатқа 214 млн теңге бағытталған.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов шаһар басшысы Марат Тасмағанбетовтың жұмысына оң бағасын беріп, әлі шешімін таппай жүрген мәселелердің түйінін тарқатуды тапсырды.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі

– Петропавл қаласы бойынша өнеркәсіптік өнім көлемі өспей бір деңгейде тұр. Дей тұрғанмен, кей салаларда құлдырау байқалады. Айтып өтсек, жарма өндірісі- 10,8, ет 14,3 және ірімшік 32 пайызға төмендеген. Қала басшылығы бұл мәселелерді қатаң бақылауға алып, тиісті шараларды қолдансын. Облыс орталығында барлық шағын және орта бизнес нысандарының тек 34 пайызығы ғана нақты жұмыс жасайды. Резервтер бар, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет. Бұдан бөлек қала әкіміне жолдарды жөндеу, қоғамдық көліктердің қатынау жағдайын ерекше бақылауда ұстауды жүктеймін. Петропавлдың тек орталық аудандарының ғана емес, шеткі көшелердің де уақытылы тазалануын қамтамасыз еткен жөн.

Бұдан соң қала әкімі петропавлдықтардан түскен жазбаша өтініштерге жауап қайырды. Бұрынғы өткен 4 кездесуде тұрғындар жол, жарықтандыру мәселелерін хатта жиі көтерсе, осы жолы қаланы аббаттандыру, заманауи талапқа сай демалыс орындарын салу сынды өзекті сауалдарды жазған. Солардың бірінде неке қию залы қашан пайда болады деп сұраған. Өйткені мұндай ғимарат теріскейден басқа, еліміздің барлық өңірлерінде бар көрінеді.

Марат Тасмағанбетов- Петропавл қаласының әкімі

– Қазір Петропавлдағы К.Сүтішев, М.Жұмабаев және Қазақстан Конституциясы көшелерінің қиылысында ғимарат толық салынбай, қаңырап бос тұр. «Достық» деп аталатын ойын-сауық кешенін қазір біз сатып алу жайын қарастырып жатырмыз. Бұл істі бір жақты етсек, онда ғимаратта этно-мәдени орталықтардан бөлек неке қиюға арналған залды да орналастыруға мүмкіндік туар еді. Қазір бұл мәселелер қарастырылып жатыр.

Кейін Петропавлдықтар өз сауалдарын облыс әкіміне жолдады. Айталық, мүгедектер құқығын қорғауға арналған «Надежда» қоғамдық ұйымының өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға бағытталған заманауи орталық салу қажеттігін айтты. Қазір Қызылжар ауданының орталығы Бескөл аулында мұндай орталық бар. Бірақ ондағы жатын орындар келушілерге аздық ететін көрінеді. Бұл ретте аймақ жетекшісі Ерік Сұлтанов мәселені зерттеп көретіндігін айтты. Содан соң қала тұрғындары қоғамдық көлік қатынастарына қатысты өз шағымдарын айтты.

Татьяна Чухрина- қала тұрғыны

– Автобус жүргізушілері қалағандарын істейді. Шылым тартқандары былай тұрсын, жол бойы телефонмен сөйлеседі. Бір-бірімен жарысып, кей аялдамаларға тоқтамайды. Кондукторлар жоқ. Мұны шешу қажет. Өйткені қоғамдық көлікке отыруға қорқасың.

Марат Тасмағанбетов- Петропавл қаласаның әкімі

– Барлық есептік кездесулер аяқталды. Сондықтан ескертулерді бақылауға аламыз. Тиісті органдар мен автокөлік одағына бұл мәселені шешуді тапсырамын. Өйткені халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Талапқа бағынғысы келмейтін тасымалдаушы кәсіпорындармен келісімшартты бұзу керек.

Жалпы келіп түскен барлық саулардарды әкім жіті бақылауына алатындығын жеткізді. Тұрғындар болса, жиында барлық өзекті мәселелер көтерілді деп отыр.

Раушан Төкенова – қала тұрғыны

– Әкім сұрақтардың барлығына толық жауап берді. Мен өзі Бензострой ауданында тұрам. Жалпы қалада көп жұмыстар атқарылып жатыр.

Сұлушаш Дүйсенбина- қала тұрғыны

– Жақсы өтті. Өте ұнады.

 

Магжан Ахмадина.