Қыс мезгілінде Қазақстанның солтүстігінде ауа-райының қалай боларын болжау мүмкін емес. Сондықтан Мамлют мемлекеттік кіші қорығының қызметкерлері өткен жылы күзде 120 центнер шөп, 10 тонна жем, 100 келі тұз бен 2 400 бума қайың жапырақтарын әзірлеген.
Александр Чуканов, Мамлют мемлекеттік орман мекемесіннің аңтанушысы
– Қайыңның жапырақтары сібір елігінің сүйікті асы. Тәбеті жақсы болу үшін ол мұны қармен араластырып жегенді ұнатады. Елікті ешкім үркітпесе, ол да басқа аңдар сияқты жайлы жерде тыныш жатып, тері астына май жинайды. Бұл оның қыстан аман шығуы үшін керек.
Оған қоса елік, бұлан тұз жалағанды ұнатады. Бұл олардың ағзасындағы тапшы дәрумендерді толықтыруға септеседі. Әрі мүйіздерінің сымбатты болып өсуіне пайдасы мол. Жалпы орман қорықшылары осы маңдағы түз тағыларын аптасына 3 рет тамақтандырып тұрады.
Қайрбек Қасенов, Мамлют мемлекеттік орман мекемесінің директоры
– Арнайы орындар белгілеп, жағалай жануарларға жем-шөп салатын 13 жәшік қойдық. Жануарға қажетті жем-азықты Мамлют орман шаруашылығы күзетшілері қолда бар техниканың көмегімен даярлады
Мамлют мемлекеттік кіші қорығының жалпы аумағы 54 мың гектарды құрайды. Зоологиялық қаумалда мекендейтін бұлан, елік пен қабандардың жағдайын табиғат жанашырлары қарда жүретін автошанамен үнемі бақылап жүреді.
Қайрбек Қасенов, Мамлют мемлекеттік орман мекемесінің директоры
– Алқаптағы оппа қарлар жабайы жануарларды тез шаршатып жібереді. Сондықтан олар бойында күш-қуатын барынша сақтауға тырысады. Осыдан олар алысқа да ұзай қоймайды. Жануарлар демін басу үшін ара-тұра көлік не адамдар жүрген жолдарға шығып тұрады.
Мамандар ақпан айының соңы мен наурызда күн күрт жылып, жаңбыр жаумаса екен деп тілеп отыр. Өйткені, бұл құбылыс жануарларға теріс әсер етеді. Ең сорақысы олардың аяғын қажап, жүріп-тұруын шектейді.
Берик Касен.