Билік

Шал ақын, Тимирязев аудандарының әкімдері халық алдында есеп берді

Марат Омаров – Шал ақын ауданының әкімі.

– Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына біздің ауданнан бір жоба енді. Оны «ТрансАгроинвест» серіктестігі қолға алып отыр. Яғни болашақта Сергеевка қаласында қант қызылшасын және майлы дақылдарды қайта өңдеу кәсіпорны ашылады. Жоба құны 900 миллион теңге. Зауыт іске қосылса, 84 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Жиында тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктердің қатынауы да сөз болды. Мәселен Қаратал-Сергеевка-Ақанбарақ бағытында жүретін автобус тұрғындарға сапалы қызмет түрін көрсетпей отыр. Тіпті автобус демалыс күндері жұмысқа шықпайды екен. Аудан басшысы проблеманы шешетінін айтты.

Марат Омаров – Шал ақын ауданының әкімі.

– Бұл сұрақ Сергеевка қаласы тұрғындары алдында есеп бергенде көтерілген болатын. Тендерді ұтып алған жеке кәсіпкер өз жұмысын тиісті атқармаса, алдағы бір ай ішінде келісімшартты бұзатын боламыз.
Бұдан соң тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды, әкімге.

Анна Михаилова – Сергеев қаласының тұрғыны.

– Евней Бөкетов атындағы нөмірі екінші мектептің температуралық режимі белгілі бір себептерге сақталмай келді. Оқушылардың көбі сырқаттанып, қалды. Жеткіншектер сабақта сырт киіммен отырады. Осы мәселені шешіп берсеңіздер.

Ал жергілікті білім бөлімінің мамандары жылу қазандығының істен шыққандығын алға тартты.

Айдарбек Сапаров – Облыс әкімінің бірінші орынбасары.

– Жаз уақытанда қайда қарадыңыздар. Резервтік қазандық қайда? Облыстық білім басқармасына мәселені шешуге 1 апта уақыт беремін.

Зейнеткер Ілияс Тұқымбетов кездесуде ауданда бірқатар проблема шешілмей жатқандығын айтты. Мәселен Сергеевқа қаласымен ауылдарға қатынайтын жолдар қардан уақытылы тазаланбауда. Ал аудан орталығын жарықпен қамту мәселесінің көп жылдардан бері күрмеуі тарқамаған. Қанша уақыт өтсе де жабулы қазан сол күйінде қала берген.

Ілияс Тұқымбетов – Зейнеткер.

– Негізі аудан орталығында 76 көше болса, бүгінгі күні Сергеев қаласында небәрі 5 көшеде жарық бар. Түнгі уақытта жүру мүмкін емес. Бірнеше жыл уақыт өтті. Ешкім бұл мәселені шешіп жатқан жоқ.

Қар тазалау жұмыстары да тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Бұл ретте Айдарбек Сапаров аудан басшысының жұмысын қатаң сынға алды.

Айдарбек Сапаров – Облыс әкімінің бірінші орынбасары.

– Жұмысты сапалы атқару керек. Мен осында келе жатқанда жолдардың тиісті деңгейде ашылмай жатқандығын аңғардым. Жарықтандыру мәселесін де шешуге болады ғой. Арнайы жоспар құрыңыздар.

Соңғы жылдары ауданға инвестиция тартылмаған. Мал шаруашылығы да тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Индустрияландыру картасының бірінші бес жылдығына бірде -бір жоба енбеген.

Айдарбек Сапаров – Облыс әкімінің бірінші орынбасары.

– Кемшіліктер көп. Жаңағы сұрақтар жайдан-жай көтеріліп жатқан жоқ. Көңіл бөліп, жұмыс істеу керек. Бүгінгі жетістіктеріңіз сіздердің арқаларыңызда деп ойлаймын. Ал енді кемшіліктерді бірлесіп шешіп тастау керек.

Бұдан соң дәл осындай жиын Тимирязев ауданында жалғасын тапты. Бүгінгі күні ауданда 16 ауылдық округ бар. Өткен жылы мұнда мал шаруашылығы саласы алға басқандығы байқалады. 900-ге жуық адам екі қолға бір күрек тапқан. Білім саласы да қарқын алыпты. Аудан облыста Ұлттық біріңғай тестілеудің қорытындысы бойынша 3-ші орынға табан тіреген. Дей тұрғанмен онкологиялық дертке шалдыққандардың қатары артқан.

Еркін Базарханов – Тимирязев ауданының әкімі.

–  Аудан бойынша медециналық көмекті 15 ақ халаттылар көрсетеді. Қазір бізге 6 дәрігер жетіспейді. Жылдан жылға материалдық -техникалық базамыз нығайып келеді. Мәселен орталық ауруханаға былтыр қажетті көліктер сатып алынды. Жалпы медициналық ошақтар әр округте жұмыс істеп тұр.

Аудан әкімінің есебінен кейін қарапайым халық басшыға сұрақтарын қойды.

Салтанат Құрманова – Тимирязев селосының тұрғыны.

– Мен аудан орталығындағы Уәлиханов көшесінде орналасқан екі қабатты үйде тұрамын. Температуралық режим сақталмайды. Яғни от тиісті деңгейде жағылмайды. Сонда біз не үшін ақша төлейміз.

Еркін Базарханов – Тимирязев ауданының әкімі.

– Бұл үйдің қазандығы жөндеуді талап етеді. Биыл біз мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің арқасында оны жүргізетін боламыз. Менің ойымша сұрақ биыл шешімін табады.

Балабақша, таза ауыз су мәселелеріне қатысты сұрақтар көтерілді.

Айдарбек Сапаров – Облыс әкімінің орынбасары.

– Жетстіктеріңіз мол. Бұл сіздердің еңбектеріңіз. Одан әрі жұмыс атқарыңыздар. Аудан әкімі жаңа келген азамат. Қолдап, бірге қызмет жасаңыздар. Бірлік бар жерде тірлік бар деп қазақ бекер айтқан жоқ. Сондықтан алға жақсы нәтидже болады деп ойлаймын.

Жалпы тұрғындар әкімнің жұмысына ризашылығын білдірді. Жиын соңында өңірге арнайы келген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің инспекторы Ғауез Нұрмағанбетов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жеке қабылдау өткізді.

Джакупов Самат.