МТРА жаңалықтары

Қоғамдық монша ашылды

Байтерек ауылындағы үйлерде монша жоқтың қасы. Сондықтан тұрғындарға қоғамдық жуынатын орын ауадай қажет болған. Мұсабай Жұпарханның мұнда тұрып жатқанына 3 жылдың жүзі. Ол отбасымен көрші ауылдарға барып жуынып жүрген. Енді, алысқа бармайтын болдық дейді Мұсабай Жұпархан.

Мұсабай Жұпархан, ауыл тұрғыны.

-Бүгін ауылымызда үлкен қуанышты сәт болып жатыр. Жан тазалығы, иман тазалығы жуынудан басталады. Ауылымызда монша салып жатқанына қуаныштымын. Жанат бауырымыз өте іскер азамат.Алдағы уақытта бұл игі істерін жалғастыра берсін деген тілегім бар.

Тұрғындар қоғамдық моншаға кіріп, жуынатын орынды аралап шықты. Қарағай ағашынан салынған жуынатын орын олардың көңілдерінен шықты.

Роза Бөкенбаева, ауыл тұрғыны.

-Бұл моншаны біз көптен күттік. Біз жанжақтан көшіп келгенбіз. Іші әдемі. Ойдан шығатындай болып салынған.

Қоғамдық монша 15-20 адамға шақталған. Жуынатын орынның құрылысына осы ауылдың тұрғыны жеке кәсіпкер Жанат Отыншинов шамамен 4 млн теңге қаражат жұмсапты. Алда бастаған ісін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Жанат Отыншинов, “Отыншинов” ЖК директоры.

-Осында көшіп келген соң, екі жылдан кейін дүкен аштым. Ауыл тұрғындары монша қажет деген соң, өткен жылдың қыркүйегінде моншаны салуды бастадым.

Бүгінгі күні Байтерек ауылында 1539 отбасы түтін түтетіп отыр.

 

 

Бану Ахметова.