Қоғам

Ұлттар достығы

Анастасия Высоцкая – “Мрия” халық ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қызылжар ауданы.

-Үстіміздегі жылы елімізде Қазақстан Халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Бұл мерейтойлық жыл. Маңызды мерекені тойлауға біздің шығармашылық ұжымымыз да барынша ат салысатын болады.

Ансамбль құрамындағы 7 нәзікжанды Бескөл орта мектеп-гимназиясында ұстаздық етеді. Сол себептен олардың бос уақыттары көп бола бермейтін көрінеді. Топ құрамындағылардың ішіндегі ең егдесі Валентина Белоусова. 64 жастағы әжей қазір құрметті еңбек демалысында. Қария еліміздегі тұрақтылық пен бейбіт өмірді бір шаңырақ астында тату тұрып жатқан түрлі халықтардың достығымен байланыстырады.

Валентина Белоусова – “Мрия” халық ансамблінің мүшесі, Қызылжар ауданы.

-Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар достығы мен халықтар тұтастығының арқасында мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қуантарлығы, ауданымызда ұлттық бірлестіктердің өнеріне деген қызығушылық, күннен-күнге артып келеді. Бұны мен жиі өтіп тұратын түрлі мәдени шаралардан байқадым. Бұл – ұлттық шығармашылық ұжымдардың жұмысының жемісі деп білемін.

“Мрия” шығармашылық ұжымының өкілдері алдағы уақытта да солтүстікқазақстандық көрермендерді қуантып, ықыласына бөленуді мақсат еткен.

 

 

Бакыт Садуакасов.