Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы
– Анатолий Ямпольский облысымыздағы спорттық акробатиканың іргетасын қалады десем артық айтқандық емес. Ол кісінің қолынан талай жас өрендер тәрбие алып шықты. Олардың жеткен жетістіктері де жоқ емес.
Кейін, салтанатты ашылу рәсімінде өңір намысын облыстық және республикалық сайыстарда сәтті қорғап жүрген жерлес акробаттар марапатқа ие болды. Көп ұзамай жарыс басталып кетті. Бұл сайыста облыс атынан шығып өнер көрсететін акробаттарымыз да баршылық. Халықаралық турнирге Ресейдің Уфа қаласынан ат терлетіп келген жұптың бірі – Рината Юсупова мен Анастасия Малкова.
Рината Юсупова – халықаралық турнирге қатысушы, Уфа қаласы, РФ
– Жұбымыз жаңа ғана өнер көрсетті. Барлық жаттығулар сәтті шықты деп айта алмаймын. Бір-бірімізді енді біліп жатқандықтан, әлі талай жаттығуымыз керек. Бірақ та, осындай маңызды жарысқа қатысқанымызға қуаныштымыз.
Анастасия Малкова – халықаралық турнирге қатысушы, Уфа қаласы, РФ
– Барлық тапсырманы жақсы орындадық деп ойлаймын. Қазылар алқасы бағасын бере жатар.
Сондай-ақ спорттық акробатика жарысында Никита Кайль мен Гүлдана Біржанова да өнерлерін ортаға салды. Бұл жұптың орындаған тапсырмасы, екеуіне жоғары ұпай әперді. Қарағандылық акробаттар бұйыртса, әлі талай жарыстарда бақтары жанатынына сенімді.
Никита Кайль – халықаралық турнирге қатысушы, Қарағанды қаласы
– Біз Қарағанды қаласынан келіп отырмыз. Алғашқы тапсырманы сәтті орындап шықтық. Көңілімнен шықты.
Жалпы халықаралық жарыс 3 күнге жалғаспақшы. Оған 8-бен 17 жас аралығындағы қыздар мен балалар қатысуда. Барлығы 120-дан астам спортшы.
Ринат Белогонов
– Бұл халықаралық турнирге Қазақстан мен көршілес 3 елден мықты деген акробаттар қатысып отыр. Олардың дені – біраз жетістіктерді бағындырып үлгерген. Сайыскерлер спорттық акробатика, батутта және акробатикалық жолда секіру сынды 3 бағыт бойынша жарысқа түседі.
Айта кету керек, жарыс соңында жеңімпаздар түрлі аталымдар бойынша диплом және медальмен марапатталады.
Бакыт Садуакасов.