Спорт

“Мен чемпионмын” балалар спорттық ойыны аудандарда да жалғасуда

Владимир Дудов – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі

– Дәл қазір ортада бірінші кезеңнен сүрінбей өткен мықты командалар сап түзеп тұр. Барлығыңа осы спорттық жобада жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жетулеріңді тілеймін. Осы жаңа кешеннің арқасында болашақта ауданымыздан чемпиондар шығады деген үміттемін.

Көп ұзамай жарыс та бастау алды. Барлық командаларға 5 эстафетадада жылдамдық таныту міндеттелген. Бірақ бұл сын барлығының қолынан келе бермеуде. Бірі құлап-сүрініп жатса, енді бірі жылдамдығын арттыра алмады. Ал сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген Чистопольское орта мектебінің оқушылары алғашқы сындардан озып шығып, қарсыластарын шаң қаптыруда. Дегенмен, бұларға бәскелестік тудырған құрамалар да баршылық. Олардың барлығын өз жанкүйерлері қызу қолдау үстінде.

–  Ойын өте тартысты өтуде. Барлығы қызық. Командаларға сәттілік.

– Мен Червонное командасына қолдау көрсетіп отырмын. Олар жеңіске жетеді.

Үздіктер үш эстафеталық жарыстың қорытындысы бойынша анықталады. Дәл қазір Чистопольское және Тахтаброд орта мектептерінің командалары 20 ұпаймен тең түсуде. Бірақ алда екі бірдей сын бар.

Константин Шамбер – Балалар мен жасөспірімдерге арналған сауықтыру орталығы директорының міндетін атқарушы, Ғ.Мүсірепов ауданы

– Бізде алғашқы кезең қараша айларында өткен. Онда мықты деген 8 команда іріктеліп алынды. Дәл қазір екі лидер анықталды. Алда әлі қос сайыс бар.

Бұл ойынды тәмамдайтыны – арқан тартысы.

Сонымен сайыстың қорытындысы бойынша қола жүлдеге Тахтаброд орта мектебінің құрамасы ие болды. Ал күмісті Червонное командасы еншілесе, бірінші орынды Чистопольское орта мектебінің құрамасы қанжығаларына байлады. Енді, Ғ.Мүсірепов ауданының намысын облыстық турнирда аталмыш білім ошағының тәрбиеленушілері қорғайтын болады.

Игібек Ескен – Чистопольское орта мектебі құрамасының капитаны, Ғ.Мүсірепов ауданы

– Мен жеңіп шыққанымызға өте қуаныштымын. Әрине жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғысымды айтамын.

Жалпы өңір бойынша бұл күні 5 ойын өткізілді.

 

 

Риат Шони.