Қоғам

Католиктер Рождество мейрамын тойлауда

 

Желтоқсанның 24-нен 25-ші жұлдызына қараған түні бүкіл әлем католиктері сочельникті атап өтеді. Петропавлдағы католиктер шіркеуінде де мерекеге орай, діни шара ұйымдастырылды. Мұнда кешкі ас беріліп, түн ортасына қарай салтанатты литургия басталды. Католик дінін ұстанғандар құдайға құлшылық жасап, дұға оқыды.

 

Дариуш Пашинский, Петропавлдағы рим-католик приходы «Қасиетті Троица» діни бірлестігінің настоятелі:

-Кісі көп жиналды. Тиісті шараларды өткізгеннен кейін Құдайға құлшылық жасадық. Жыл сайын біз шіркеудің ортасына Иса пайғамбардың дүниеге келген сәтін көрсететін мүсін орнатамыз. Рождестволық мерекелер 8 күнге жалғасады.

 

Бұл күні католиктерді өзге діни бірлестік басшылары да құттықтады.

 

Кенжетай Дүйсенбай, Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:

-Қазақстан халқы сан этностардан құралған. Сондықтан діндес католик өкілдерін мерекемен құттықтап отырмыз. Құран-Кәрімде де көршіңмен де, өзгелермен де жақсы қарым-қатынаста бол деп айтылған.

 

Бұдан кейін діни бірлестік өкілдері Иса пайғамбардың туғанынан сыр шертетін қозғалтқыш сахнадағы қойылымды тамашалады.

 

Кешке қарай рим-католик шіркеуінде мерекелік құдайға құлшылық ету шарасы өтті. Католик сеніміндегі өңір христиандарын діни мерекелерімен облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл – жарқын мерекелердің бірі. Атаулы күн махаббат пен жақынға деген құрметтті дәріптейді. Еліміз ынтымақтастық пен халықтар достығының құтты мекені. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі. Мемлекет басшысы соңғы стратегиялық құжатта да қазақстандықтардың бірлігін алдыңғы қатарға қойды. Бұл басымдықты жүзеге асыруда католик дінін ұстанушылардың да үлесі бар. Қасиетті мерекелеріңіз құтты болсын.

 

Мағжан Ахмадина,  Жеңіс Ермұқанов