Билік

Петропавлда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай біз облыс орталығында жаңа нысанды ашып отырмыз. Әмбебап орталық соңғы үлгідегі қондырғылармен жарақтандырылған. Тұрғындарға білікті мамандар қызмет көрсететін болады. Баршыңызды келе жатқан тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын.

Бұдан соң мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының таспасын облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко салтанатты түрде қиды. Әлеуметтік маңызы бар нысан «Береке» шағын ауданында орналасқан. Еңселі ғимаратта жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру, сатып алған көліктерді тексеру сынды жұмыстар жүргізіледі. Яғни азаматтарға мұнда «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі.

Владимир Божко – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары.

-Мұндай орталықтар қазір халыққа қажет. Себебі уақыт өткен сайын еліміздің қай өңірінде болмасын көліктер көбейіп келе жатыр. Яғни қазір темір тұлпар екінің бірінде бар. Сондықтан оларды тіркеп, қайта тіркеуде осындай мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының берер пайдасы мол. Мұнда клиенттерге қолайлы болу үшін барлық жағдайлар жасалған. Тіпті нарколог пен психиатр кабинеттері де бар. Барлық құжаттарды ешқайда шықпай-ақ осы жерде жасатуға болады.

Наталья Елунина – облыс орталығының тұрғыны. Жақында ғана көлігін жаңасына ауыстырыпты. Әмбебап орталықта азаматша темір тұлпарының құжаттарын рәсімдеп жүр.

Наталья Елунина – Петропавл қаласының тұрғыны.

-Өте жақсы нысан. Бұрыңғыдай жанталасып жүрмейміз. Барлық құжаттар бір жерде жасалады. Бұл мен секілді жандарға өте тиімді деп ойлаймын. Мұндағы мамандар азаматтардың өтінішін 2 сағат ішінде орындап береді.

Облыс орталығында ашылған бұл нысан – осымен республикада жетінші әмбебап орталық. Енді жүргізушілер бұрынғыдай ұзын-сонар кезекте тұрмайды. Себебі мұнда 60 адам жұртшылыққа қызмет көрсетеді. Оның үстіне жүргізуші куәлігін беріп, басқа да құжаттарды ресімдеу толықтай автоматтандырылған. Тіпті коммуналдық қызметті де осы жерде төлеуге болады.

Әмбебап орталықтың автодромы да бар. Яғни бұл жерде азаматар жүргізуші куәлігін алуда практикалық емтихан тапсырады. Айта кету керек жаңа нысанның жалпы ауданы 3,2 гектар аумақты құрайды.

 

 

Самат Джакупов.