МТРА жаңалықтары

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Айдос Рахымғазиев, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмыспен қамту секторының меңгерушісі

– Осыған дейінгі 12 жәрмеңкенің қорытындысы бойынша 556 адам жұмысқа тартылды. Солардың ішінде 449-ы тұрақты жұмыс орындарына жіберілді. 50 адам қоғамдық жұмыс орындарына жіберілді. Және 18 адам әлеуметтік жұмыспен қамтылды.

Мамандардың айтуынша қазір облыс орталығында құрылыс компаниялары мен білім ошақтарында түрлі саладағы маман тапшы. Мәселен, қалалық № 1 орта мектеп-интернатына 6 жұмысшы қажет.

Александр Землянский, қалалық № 1 орта мектеп-интернаты директорының орынбасары

– Мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі керек. Оның жалақысы еңбек өтіліне байланысты болады. Одан кейін бізге химия, физика кабинетіне жоғары білімді лаборант қажет. Оларға айына 38 немесе 46 мың теңге төленеді. Онда да еңбек өтілі мен біліктілігі қаралады.

Қала тұрғыны Евгений Чурсин 3 айдан артық жұмыссыз жүр. Бос орындар жәрмеңкесіне үмітін үзбей келген азамат, бұл жолы өзіне лайықты ісін таба алмады. Ол М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжін әлеуметтік педагог мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірақ, тұрақты еңбекпен қамтылу үшін мекемелер жоғары білім мен тәжірибенің болуын талап етеді дейді.

Евгений Чурсин, қала тұрғыны

– Бұл жәрмеңкеге 1-ші рет келіп тұрмын. Өзіме мұнда сауда-саттыққа байланысты жұмыс тапсам деймін. Мұнда басқа вакансиялар көп екен. Бірақ менің іздегенім болмай шықты.

Жәрмеңке қортындысы бойынша 13 адам мекемелерге жолданып, 1-еуі қоғамдық жұмыс орнына жіберілді.

Берик Касен.