Білім

Петропавл машина жасау колледжінде автоматтандырылған станоктары бар жаңа цех ашылды

Анатолий Фурманюк – Петропавл машина жасау колледжінің директоры

– Бұл станоктарды орнату үшін “Дуалды оқыту жүйсіне енгізу” бағдарламасы бойынша ел қазынасынан 25 млн теңге бөлінді. Біздің колледж аталған бағдарламаның пилоттық жобасы болғасын қондырғыларды орнату өте маңызды. Тәлім алатын студенттер жаңа станоктармен көп тәжірибе ала алады. Бұған дейін білім ошағында қондырғылар екі жыл бұрын ауыстырылған болатын.

Ток цехын ашу салтанатында білім ошағының әлеуметтік әріптесі Петропавл Ауыр Машина Жасау Зауыты акционерлік қоғамының өкілдері де болды. Бүгінде аталмыш кәсіпорын мен колледж тығыз қарым-қатынаста. Білім ордасының 7 бірдей түлегі қазіргі таңда жергілікті зауытта еңбек етуде. Деседе, өндіріс ошағына әлі де болса білікті мамандар қажет, ал мұндай жаңа қондырғымен тәжірибе алған студенттер болашақта өз ісінің үздігі бола алады дейді Петропавл Ауыр Машина Жасау Зауытының бас технологінің орынбасары Лариса Лукьянова.

Лариса Лукьянова – “ПАМЖЗ” АҚ бас технологінің орынбасары

– Әрине жұмыс беруші жақ маманның өз ісін жақсы меңгергендігіне баса назар аударады. Станокты мүлдем білмейтін адамға бір бұйымды жасауға сеніп тапсыруға болмайды. Сол себепті бұл колледжде осындай қондырғылардың орнатылғаны алдағы уақытта студенттерге өз білімдерін шыңдауға септеседі. Болашақта кәсіби деңгейлері де өседі.

Азамат Серіков Петропавл машина жасау колледжінің үшінші курс студенті. Тәлімгердің айтуы бойынша жаңа қондырғыны меңгеру болашақта тұрақты жұмысқа орналасуға үлкен септігін тигізеді.

Азамат Серіков – Петропавл машина жасау колледжінің студенті

– Мен үш жыл бойы Петропавл Ауыр Машина Жасау Зауытында өндірістік тәжірибеден өттім. Аталған кәсіпорын маған ұнады. Болашақта жаңа қондырғыны меңгеріп, жергілікті өндіріс ошағына жұмысқа орналасуға барамын.

Жалпы Петропавл машина жасау колледжінде 250-ге жуық студент тәлім алады, соның 60-қа жуығы станокта кең пішінді әзірлейтін жұмысшы мамандығын меңгеруде.

 

Риат Шони.

Бұл Швейцарлық өндірістегі автоматтандырылған станоктар соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған.