Балалар

Еңбекпен қамту

 

Любовь Ростовщикова 5 жыл бұрын Қызылжар ауданынан Петропавлға қоныс аударған. Келгелі тұрақты жұмыс таппай, 4 жыл қол қусырып отырыпты. Былтыр еңбекпен қамту орталығының көмегімен аспазшы мамандығын игеріп алған. Қазір қала мейрамханаларының бірінде жұмыс істеп нәпақасын тауып жүр.

 

Любовь Ростовщикова, аспазшы-кондитер:

Ауылда ұзақ жыл зоотехник болып қызмет жасадым. Облыс орталығында мамандығым бойынша жұмыс табылмады. Сондықтан 3 ай арнайы курстардан өтіп аспазшы-кондитер мамандығын меңгердім. Шеберлік сабақтары жемісін беріп, осымен 1 жыл осында еңбек етіп жүрмін.

 

Бүгінде 98 жұмыссыз қайта оқытылып 12 мамандықтың қыр- сырын меңгеруде. Әрбірі жаңа кәсіпке машықтанғанша 12 мың теңге шәкіртақы алып тұрады.

Оралбек Жамалиев те әлеуметтік қызметтің мүмкіндігін пайдаланып қалғандардың бірі. Алматыдағы Қазақ жол-көлік академиясын тәмамдаған жас маман еңбек жолын кіндік қаны тамған СҚО-да бастауды ұйғарады. Бел буған шешімін іске асыру үшін қалалық жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінген. Мұндағылар екі қолға бір күрек табуға құлшынған жерлесімізді жастар өндірістік тәжірибесінен өтуді ұсыныпты.

 

Оралбек Жамалиев, Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінің жастар саясаты бойынша инспекторы:

– Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінде екі ай көлемінде өзімнің ынтамды және біліктілігімді көрсеткен соң жастар саясаты бойынша инспектор жұмысымен қамтылдым. Жұмыс орнымда табысты еңбек етуіме бар жағдайлар жасалған. Берілген мүмкіндікті пайдалана отырып, бар білімімді жастар мәселесін көтеріп, шешуге жұмсаймын.

 

Қазір облыс орталығының 26 кәсіпорнында 42 жас маман өндірістік тәжірибеден өтуде. Жалақысының бір бөлігін қалалық әкімдік өтейді. Бұл мақсатқа биыл 30,4 млн теңге бағытталыпты. Әлеуметтік жұмыстарға 149 адам тартылған.

 

Жеңіс Ермұқанов