Бизнес және экономика

«Қызылжар инвест» халықаралық форумы аясында 9 панельдік сессия өткізілді

Машина жасау саласы кезекті панельдік сессияға арқау болды. Бүгіндері өңірімізде бұл салада 49 кәсіпорын еңбек етуде. Жалпы аймағымыздағы машина жасаумен айналысатын зауыттарда өндіріс көлемі мен қарқыны жыл санап ұлғаюда.

Ерлан Әукенов- СҚО әкімінің орынбасары

– Машина жасау саласын дамыту үшін бүгіндері барлық жағдайлар жасалған. Шеттен келіп инновациялық жобаларды қолданып, кәсіпорын ашамын дегендерге мол мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Міне жаңа ғана 9 келісімшартқа қол қойылды. Соның 2-уі машина жасау саласына қатысты болды.

Теріскей ежелден астықты аймақ болып саналады. Сондықтан бұл салада жаңа технологияларды меңгеріп, заманауи әдістерді үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Биылғы жылы өңір шаруаларына алтын дәнді ысырапсыз жинап алуға ауа райы біраз кедергі келтірді. Оның үстіне астық ылғалдылығы жоғары. Бұл ретте дәнді кептіріп, сақтауда тың шараларды қолдану қажет. Ал Украиналық «Хмельниксельмаш» зауыты теріскейлік кәсіпорындармен жұмыс жасауға әзір екендіктерін білдіруде.

Николай Зелинский- «Хмельниксельмаш» зауытының басқарма төрағасы, Украина

– Біз тәжірбиемен бөлісіп, өз жұмыстарымызды көрсетудеміз. Зауыттарды көрдік, таныстық. Біз желілерді жеткіземіз. Ал осы жерде оларды құрастырып, даярлайды.

Ал «Қызылжар инвест» халықаралық форумының машина жасау саласына қатысты өткен сессиясына қатысқан өңірлік «Мұнаймаш» АҚ өкілдері өздерінің жаңа жобаларын таныстыруда.

Сергей Ерофеев- «Мұнаймаш» АҚ басқармасының мүшесі

– Біз испандық «Ампос» компаниясымен бірлесіп тиеу темір арқауларды шығару жөніндегі өндірісті ашу мәселелерін қарастырып жатырмыз. Бұл өнімге деген сұраныс жоғары болмақ. Сондықтан ол жоба жүзеге асырылса, еліміздің мұнай өндіретін кәсіпорындарынан тапсырыстар екі есеге артады.

Агроөнеркәсіп кешені- бұл облыс экономикасының маңызды саласы. Оның қарқынды дамуы өңірдің басты басымдықтарының бірі болып саналады. Сондықтан болар мына залда осы ауыл шаруашылығына қатысты мәселелер талқылануда.

Айдарбек Сапаров- СҚО әкімінің бірінші орынбасары

– Ауыл шаруашылығы саласында басымдықтар сүт және ет өңдеуге берілген. Облысымызда жылына 470 мың тонна сүт және 54 мың тонна ет өндіріледі. Ол ішкі нарықты қамтамасыз етуге толық жеткілікті. Ол қайта өңдеу ісіне инвестиция құюдың тиімділігін көрсетеді. Инвесторлар құлағына алтын сырға биыл алғаш рет «Агробизнес» бағдарламасы аясында сүт, май , ірімшік және құрғақ сүтті өндіруге субсидия бөлінген.

Келесі панельдік сессия отырысы жер қойнауын пайдалануға қатысты өткізілді. Облысымызда зерттелген 284 кен орыны бар. Сондықтан бұл саланы дамыта түсу жоспарланған. Ол үшін әрине инвестиция тарту қажет. Бұл ретте бірнеше кедергілер бар көрінеді.

Марат Ысқақов- СҚО индустриалды- инновациялық даму басқармасының басшысы

– Басты проблема ол шетелдік инвесторлардың әлі өңірімізді толық білмеуінде. Жер асты мен үсті байлыққа толы. Бізде Менделеев таблицасының барлық элементтері бар деуге болады. Жалпы осы форум аясында өңірде бар кен орындары таныстырылып, олар жайлы қонақтарға толық ақпарат берілмек.

Форум жұмысына жергілікті кен орындары өкілдері де қатысуда. Солардың бірі сирек кездесетін жер асты металдарын өндірумен айналысатын «Тиолайн» ЖШС.

Илья Ивахов- «Тиолайн» ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы

– 3 жыл ішінде бізге құйылатын инвестиция көлемі 120 млн АҚШ долларды құрайтын болады. Ол титан- цирконий кендерін өндіру және өңдеумен айналысуға бағытталмақ.

Өткізілген панельдік отырыстардан соң бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Олег Федосеев- Jordan Invest Group вице- президенті, Астана қаласы

– Басты жұмысымыз инвесторлар тартуға бағытталған. Біз көптеген елдермен жұмыс жасайсымз. Бүгін “Солтүстік” әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы, облыстық әкімдік пен үшжақты келісімшартқа қол қойдық. Енді сіздердің аймақтарыңызға инвесторлар тартуға қолдау көрсетпекпіз. Бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз.

Жалпы форум аясында 70- ке жуық меморандумға қол қойылды.

Магжан Ахмадина.