Спорт

СҚО гимнастшылары ел чемпионатынан жүлделі оралды

Алина Стрекалова – жасөспірімдер арасында спорттық гимнастикадан ҚР чемпионатының жүлдегері.

-Жарысқа алғаш рет қатысқандықтан қиынға соқты. Ең басты қарсыластарым Астана, Алматы, Шымкент және де Қарағанды қалаларының спортшылары болды. Ақтық сында Шымкент қаласының екі өкілі бірінші және екінші орындарды иемденіп, мен үшінші орынға тұрақтадым. Әрине бұл жетістікке өкіндім. Дайындығымда аз болды. Алдағы уақытта осы сынды жарыстарда жеңімпаз атану үшін аянбай еңбектенемін.

9 облыстың гимнастшыларының басын қосқан байрақты додаға өңіріміздің намысын қорғауға 6 спортшы барған. Нәтижесінде, Алинамен қатар Милана Кузнецова да қола жүлдені иемденді. Айта кету керек, жас спортшы үстіміздегі жылы ҚР-ың спорттық гимнастика федерациясының президенті кубогының иегері атанған. Спортылардың бапкері алдағы жоспарымыз ауқымды дейді.

Юлия Литвиненко – гимнастикадан БЖСМ аға бапкері.

-Алдағы жоспарымыз ұлттық құрама сапында өнер көрсететін солтүстікқазақстандықтардың санын арттыру. Олардың шеберліктерін шыңдау. Келер жылдың ақпан айында ҚР-ың спорттық гимнастика федерациясының президенті кубогына қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізу. Аталмыш сайыста жеңімпаз атанған тәрбиеленушім бар.

Бүгінде облысымызда гимнастикаға баса назар аударылған. Мәселен, үстіміздегі жылдың тамыз-қыркүйек айларында гимнастика залына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл бағытқа ел қазынасынан “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы бойынша 4 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Есілбай Омаров – гимнастикадан БЖСМ директоры.

-Біздің мектепте тек қана спорттық гимнастикаға ғана емес көркем гимнастикасына көңіл бөлінуде. Азия чемпионатында Дарья Медведева үшінші орынды алса, Олеся Колышева жеңімпаз атанды.

Қазіргі таңда спорттық гимнастикадан ұлттық құрама сапында екі солтүстікқазақстандық спортшы өнер көрсетеді. Алдағы уақытта еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғайтын теріскейлік гимнастшылардың саны артады деген сенім мол.

 

 

Риат Шони.