Құқық қорғау органдары

Қарсы жолаққа шыққан көлік иелері жүргізуші куәлігінен айырылады

Асламбек Көшенов – Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы.

-30 сәуірден бастап 500-ге жуық көлік иелері жолда жүру ережесін бұзып, 1 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.

Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Асламбек Көшеновтың айтуы бойынша облыс орталығында көбіне Кошуков және Мир көшелерінде жолда жүру ережелері жиі бұзылады. Оның себебі – көше бойында арнайы жол белгілері жоқ. Сол орайда судья тиісті белгілердің орнатылуы керектігін баса айтты. Ал қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары бұл мәселе жол полициясы арқылы шешілетінін тілге тиек етті.

Жанат Әлжанов – Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің заңгері.

-Жолда белгілерді орнатуды біз жол полициясының келісімі арқылы жүргіземіз. Егер олар келісім жасап, қол қойса, онда тиісті белгілерді орнатамыз.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа заң күшіне енгенге дейін қарсы жолаққа шығып, заң бұзу фактісі бойынша тәртіп сақшылары айыппұл көлемі 27 млн. теңгені құрайтын 511 іс жинаған екен.

Сайран Саркенов – Петропавл қалалық ІІБ ӘПБ бастығы.

-Жаңа заң енгізілгелі бері жүргізушілер жолда жүру ережесін бұзбауға тырысады. Бұрындары қарсы жолаққа шыққанда 15 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл төлесе, қазір жүргізуші көлігінен айырылады. Сол себепті де жолда бір-біріне сыпайы қарайтын болды.

Енді, жүргізушілер жолда жүру ережесін бұзбауға тырысса да, ондай фактілер өңірде әлі баршылық.

-Жыл басынан бері өңірімізде көлік тізгіндеген жүргүзушілердің қарсы жолаққа шығуының салдарынан 29 жол көлік апаты орын алған. Онда 20 адам қаза тауып, 49 жан түрлі дене жарақаттарын алды. Бір жаққа шұғыл жетемін деп оқыс оқиғаға ұрынғанша, асыққан шайтанның ісі екенін ұмытпаған жөн.

 

 

Риат Шони.