Қоғам

Өңір құтқарушыларының республикалық жаттығулары басталды

Владимир Бубенко – облыс әкімінің орынбасары.

-Төтенше жағдайлар көбіне қыс мезгілдерінде орын алады. Сол себепті де мамандардың жоғары дайындығын қамтамасыз ету керек. Шұғыл әрекет ету отряды өзінің шеберліктерін былтырғы жылы көрсеткен болатын. Олар қауіпті аймақтан 1316 адамды құтқарып, 660 бірлік техниканы аман алып шыққан.

Ең бірінші болып өз жаттығуларын суда-құтқару қызметі бастады. Бүгін олар Есіл өзенінде балық аулаймын деп мұздың жұқалығының кесірінен суға батып бара жатқан адамды құтқармақ.

Виктор Держанский – ҚР ІІМ СҚО ТЖД суда құтқару қызметі басшысының орынбасары.

-Дәл қазіргі жаттығуда балық мұз үстімен жүріп келе жатқанда мұз опырылып кетеді. Ал маңындағы адамдар құтқарушыларды шақырады. Құтқарушылар тез арада оны жағаға алып шығып, алғашқы медициналық көмек көрсетеді.

Құтқарушылардың жаттығулары осылай өтуде. Суға батып бара жатқан адамды құтқаруда ширақ әрі тез қимылдау қажет. Сол кезде ғана оның өмірін ажалдан арашалап қалуға болады.

Абзал Сағындықов – ҚР ІІМ СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің құтқарушысы.

-Мұз опырылып кеткенде ең бастысы қобалжымау керек. Судан шығу үшін мұзға кеудемен жатып, жағаға қарай жылжу қажет. Аяққа тік тұрудың қажеті жоқ, өйткені мұз тағы да опырылып кетеді. Шыққаннан кейін бірден жедел жәрдем шақыру керек, себебі дене тез суып кетеді.

Жаттығу аяғында зардап шеккенге алғашқы медициналық көмек көрсету қажет.

Муршида Обознова – ҚР ІІМ СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің медбикесі.

-Зардап шеккеннің сүйектері аман. Ол мұз суатта көп уақыт болған жоқ, сол себепті де дене температурасы төмендеп үлгермеген. Ширақ қимылдап өмірін құтқарып қалдық. Енді зардап шеккенді емханаға апарамыз.

Айта кету керек, жыл басынан бері 36 солтүстікқазақстандық осылай судың құрбаны болған. Мұндай соңғы оқыс оқиға 8-ші қарша күні Новокаменка селосында тіркелді. Балықшы балық аулаймын дегенде мұз опырылып, жағаға шыға алмай қалды. Ал құтқарушылардың ширақ қимылдауының арқасында жыл басынан бері 156 адамның өмірін арашалап қалған екен.

Республикалық жаттығулардан қызыл жалынмен арпалысушылар да өтуде. Қыс мезгілінде көбіне өрт оқиғалары ғимараттың ішінде болады. Сол себепті де құтқарушылардың бүгінгі нысаны “Строймарт” дүкені. Өрт сөндіру қызметінің орталығына тілсіз жаудың шыққаны туралы хабар келісімен, жаттығу басталып кетті.

Аман Әуесханов – СҚО ТЖД “Өрт сөндіру қызметі” ММ баспасөз-хатшысы.

-Бұл жолғы оқу-жаттығу шараларына төтенше жағдайлар департаментінің барлық күші жұмылдырылған. Оған 30 қызметкер мен 8 бірлік техника тартылып отыр. Жаттығу кезінде құтқарушылар орын алған өртті сөндіріп, апат орнынан адамдарды шығарады.

Жаттығуда өрт сөндірушілер сахналанған өртті ауыздықтауы тиіс болатын. Тез тұтанғыш құрылыс материалынан салынған ғимаратта орын алған қызыл жалынның өршу қарқынын ескерер болсақ, өртке тұсау салу құтқарушыларға оңайға соқпайтыны анық. Дегенмен, мамандардың жедел әрекетінің арқасында 30 минут ішінде қызыл жалын толықтай ауыздықталды. Өрт сөндірушілер республикалық оқу-жаттығу жұмыстарын алдағы уақытта да өткізбек.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.