Құқық қорғау органдары

Жарылғыш зат қойылды деген жалған ақпарат берген оқушы қыздың ата-анасы жауапқа тартылады

Қоңырау шалған азамат баспанада орнатылған бомбаның 20 минутта іске қосылатынын айтқан. Оқиға орнына жедел түрде жеткен арнайы мақсаттағы жасақ қызметкерлері, жарылғыш зат орнатылған аумақты қоршауға алып, баспана иелерін қауіпсіз жерге шығарды.

Асан Смагулов – Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары.

-Уәлиханов көшесі 48 “а” мекен-жайында орналасқан тұрғын үйде жарылғыш зат қойылғандығы туралы ақпарат жедел басқару орталығына келіп түсті. Суыт хабарды естісімен, жарылғыш зат орналасқан аумаққа күштік құрылым мамандары жұмылдырылды. Сондай-ақ оқиға орнына облыстық және қалалық ішкі істер департаментінің мамандары тартылды.

Полицейлер жақын маңдағы баспанадан 300-ден астам тұрғынды сыртқа шығарды. Дені кішкентай балалар мен қарттар. Осы уақытта құқық қорғаушылар жарылғыш зат орнатылған жерді тексеріп, пәтер тұрғындарынан жауап алды.

Асан Смагулов – Петропавл қалалық ІІБ бастығының орынбасары.

-“Арлан” арнайы мақсаттағы жасағының іздестіру шарасы кезінде тұрғын үйде жарылғыш зат табылмады. Қазіргі уақытта жедел-тергеу тобының мамандары “102” нөміріне қоңырау шалған тұлғаны іздестіруде.

Нәтижесінде суыт хабар жайында мәлімет берген 10 жасар оқушы қыз анықталды. Қазір жалған мәлімет берген қызға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Енді 5 сынып оқушысының ата-анасы 200 ден 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.