Спорт

Петропавлдағы спорт сарайының құрылысы кестеге сай жүруде

Азамат Анафин – учаске жетекшісі, “Вилена” ЖШС қызметкері, Астана қаласы

– Ғимараттың 1 қабатында 1000 адамға шақталған орны бар хоккей корды салынады. Оның аумағы 2,5 шаршы метрді құрайды. Хоккей корды халықаралық стандарттарға сай, түрлі жарыстар өткізуге болады. Ал, 2-ші қабатында жеңіл атлетикалық манеж бен әкімшілік корпустар орналасады. Жалпы спорт кешені 4 блоктан тұрады.

Құрылыс алаңында 60 адам кестеге сай жұмыс істейді. Алаңға 20-ға жуық техника тартылған. Қысы қытымыр, аязы қатты теріскей жерінде салынған спорт сарайындағы хоккей корты бұл спорт түрімен айналысатын жасөспірімдердің қыс мезгілдерінде дала тоңып жаурамай, жылы ғимараттың ішінде ойнауына мүмкіндік береді.

Марат Мұқашев – “Петропавл қаласы құрылыс бөлімі” ММ құрылыс секторының меңгерушісі

– Елордалық “Вилена” ЖШС-мен 2,2 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Бүгінгі күнге дейін 2014-ші жылға бөлінген бюджеттің 40 пайызы еңсерілген. Жалпы спорт сарайында жеңіл атлетика залы, сырғанауға, хоккей ойнауға арналған жасанды мұз айдыны, шор-трек, күрес, бокс сынды бұқаралық спорт түрлері үйірмелері жұмыс істейтін болады. Ал нысан жоспар бойынша 2015-шы жылдың тамыз айында тапсырылуы қажет.

Қазір жұмысшылар ғимараттың іргелерін бетонмен бекітіп, құрылыс конструкцияларын құрастыру үстінде. Құрылысшылар ғимараттың сыртын сендвич панелдермен жаңа жылға дейін қаптайды. Одан кейін ішкі әрлеу жұмыстарына көшпек.

Петропавлда спорт сарайының пайда болуы қаламызға үлкен өзгерістер әкелетіні анық. Өйткені бұл облыс орталығындағы спорттық нысандардың жетіспеуі мәселесін шешуге септеседі.

Риат Шони.