Қоғам

Петропавлда фирмалық дүкен ашылды

Аркадий Вознюк – “Казмясопродукт” ЖШС директоры

– Заманауи ет дүкенінің ашылуы тек біз үшін ғана емес, халық үшін де үлкен қуаныш. Сөрелердегі өнімдер жоғары сапаға ие. Тауарлар шамамен базардағыдан 150-200 теңгеге арзан сатылуда. Бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыруды жоспарлап отырмыз.  

Мұнда “Зенченко и К” серіктестігі де күнделікті 1200 тонна сүт жеткізеді. Сонымен қатар ірімшік, айран, қаймақ та молынан.

Георгий Целых, “Зенченко и К” КС сүт зауытының директоры

– Біздің өнімдеріміз халықтың үлкен сұранысына ие. Сондықтан осы жерден сауда нүктесін ашуды жөн санадық. Дүкен қазіргі талаптарға сай. Халықтың игілігі үшін ашылған нысанға күнделікті таза өнімдер жеткізіледі. Кешке дейін барлығы сатылып кетеді.

Дүкен ашылып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 15 азамат та тұрақты еңбекпен қамтылған. Жұмысшылардың орташа жалақысы 70-80 мың теңгені құрайды.

Жанар Байбулова, ет дүкенінің сатушысы

– Таза сиыр, қой, жылқы, шошқа, құс еттері сатылып жатыр. Халық көптеп алуда.

Фирмалық дүкендегі өнімдер таза әрі сапалы. Таңдау да көп. Ең бастысы бағалары қалта қақпайды. Базардағысына қарағанда тауарлар 10-15 пайызға арзан саудаланып жатыр. Таң атқаннан мұнда келуші халықтың қатары сейілер емес. Тұрғындар дүкеннің ашылуын көптен күткендіктерін айтуда.

–  Бұндай дүкеннің ашылғаны жақсы болды. Өнімдердің түрі көп. Әрі таза. Өзге базар бағасына қарағанда мұндағы тауарлар біршама арзан.

–  Қалта қақпайды. Ет пен сүт өнімдерін бір жерде, арзан бағамен алуға болады. Тауарлардың өндіруші бағасымен сатылып жатқандығы қуантады.

Дүкен таңғы сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді.

 

Ахметова Бану.