Денсаулық сақтау

Петропавлда гемодиализ орталығы жұмыс істейді

Ирина Зырянова, «Нефрос-СК» гемодиализдік амбулаторлық орталығының анестезиолог-реаниматологы.

-Бұл аппарат автоматтандырылған, заманауи құрылғы. Оның адам ағзасына ешқандай зияны жоқ. Бәрі түсінікті түрде көрсетілген. Емдеу шарасы дұрыс жүрмесе аппарат бірден өшіп қалады. Орталық 3-ші қалалық аурухананың жанында орналасқандықтан, осындағы емделушілер де дер кезінде біздің көмегімізге жүгіне алады.

Аталған орталық өз жұмысын мамыр айында бастады. Мұндай емдеу мекемелері Қазақстанда бар жоғы екеу. Екіншісі Талдықорғанда ашылған. Медициналық мекеменің құрылысына 27 млн теңге бөлініпті. Емдеу орнын жарақтандыруға қажетті қаражатты инвесторлар құйған. Ресейде дәл осындай клиникалар желісі кең таралған – шамамен 80 шақты «Нефролайн» орталығы жұмыс істейді. Медициналық мекеменің жергілікті жердегі филиалын ашу мемлекеттік қолдауы арқасында жүзеге асқан.

Лилия Гмызина, «Нефрос-СК» гемодиализдік амбулаторлық орталығының бас дәрігері.

-Елбасы қолдауының арқасында осындай орталықтар мемлекетімізде де пайда болуда. Нәтижесінде қосымша жұмыс орындары ашылып жатыр. Емделушілерге де ауруынан айығуына мүмкіндік туды. Мұнда оларға барлық жағдай қарастырылған.

Орталық таңғы сағат 8-ден екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Мұнда неміс аппараттарының 8-і орнатылған. Күніне 16 адам ем-дом қабылдай алады. Оксана Костина мұнда орталық ашылғалы бері денсаулығын жақсартып жүр. Бұған дейін ол тек дәрі-дәрмек ішіп жүріпті.

Оксана Костина – ем қабылдаушы.

-Осында ем алып жатқалы өзімді жақсы сезініп жүрмін. Бұған дейін дем алуым қиынға соғатын. Дәрігерлер бізге жақсы қарайды. Олардың жұмысына көңілім толады.

Бүйрек ауруының асқынған түріне шалдыққандарға аптасына 3 рет емдеу шараларын жүргізу керек. 4 сағатқа созылатын әр сеанс 26 мың теңге тұрады. Бірақ бұл қызметтің ақысын мемлекет өз мойнына алған. Бастапқыда диализ емдеу шарасына 16 солтүстікқазақстандық жүгінсе, бүгінде олардың саны 26-ға жеткен. Ал жалпы бүгінде 70 шақты жерлестеріміз осындай дертке шалдыққан.

 

 

 

Бану Ахметова.