МТРА жаңалықтары

Кембағал жандар арасындағы “Алтын қалам” байқауы қорытындыланды

Ақжан Кәрім – “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі директоры.

-Біздің ұйымымыз кембағал жандар арасында түрлі байқауларды өткізуді мықтап қолға алды. Оларды қоғамдық шараларға тартуды одан әрі жалғастыра бермекпіз. Мүмкіндігі шектеулі жандар ешқашан қоғамның назарынан тыс қалмаулары керек. Біз оларды белсенді өмірге тартып, өздерін қоғамға пайдалы жан ретінде ретінде сезінулері үшін қолдан келген жағдайларды жасауға тиіспіз.

Бүгін осы байқауда жеңіске жеткен мүмкіндігі шектеулі жандар марапатталды. Сайыста үздік қалам иелерін анықтау оңайға соқпаса керек. Өйткені әр үміткердің өлең жазу шеберлігі бірінен бірі асады. Десе де Михаил Гвоздев “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” атанып, бірінші орынға қол жеткізген. Жерлесіміз жақында өлеңдерін бір жерге тоғыстырып, шағын кітапша шығаруды жоспарлап отыр.

Михаил Гвоздев – байқауға қатысушы.

-Мүгедек болып қалғаныма 6 жылдан асты. Өмірде түрлі кедергілер кездеседі. Бірақ та біз де қоғамның толыққанды мүшесі болғандықтан, осы байқаудан тыс қалмауды ұйғардым. Мұндай шаралар мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосып, араласып тұруға жағдай жасайды.

Сыйлық ретінде Михаил теледидар ұтып алды. “Алтын қалам” облыстық байқауына қатысқан өзге ақындар да диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Кейін жиналғандар мүмкіндігі шектеулі жандар әзірлеген шағын концертті тамашалады.

 

 

 

Бакыт Садуакасов.