Билік

Өңірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынының бас мүфтиі келді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

-Ислам – шынайы жасампаздықтың, рухани жаңарудың діні. Оның ережелерін ұстанған нағыз мұсылманның күнделікті іс-әрекеттерінен даналық, адамгершілік, сабырлық көрінеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлтаралық және дінаралық келісімге ерекше көңіл бөлуде. Бүгінгі күні облысымызда 162 діни ғимараттың 65-і – мешіттер. Өңіріміздің мұсылмандары еліміздің гүлденіне, оның мәдени және рухани дәстүрлерінің дамуына айтарлықтай үлесін қосуда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы Қызылжар өңіріне алғаш рет келіп отыр. Ол сапар барысында Айыртау ауданына аялдап, Қарасай батыр ауылындағы жаңа мешіт құрылысының алғашқы іргетасын қалаған .

Ержан қажы Малғажыұлы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі.

-Әрине, бұл нәрсе – ең бірінші, біздің егемендігіміздің арқасы, елдігіміздің арқасы. Бұрын-соңды мұндай мешіттер қазақтың жерінде көптеп бой көтермеген. Тіпті десеңіз, медреселердің өзі санаулы болған. Мағжан Жұмабаев атамыздың өзі Уфаға барып медреседе оқыған. Сондықтан, бұл ел – берекелі, қасиетті ел. Лайым осы елде тыныштық болғай, бірлік болғай. Еліміз көркейе берсін. Әр уақытта арманымыздың асатуы, бақытымыздың бастауы болған – егемендігіміз мәңгі болсын.

Осындай тағы бір мешіт алдағы уақытта Ағынтай батыр ауылында да салынбақшы екен. Ерік Сұлтанов Елбасының саясатын қолдап, елдегі ұлтаралық және конфессияаралық татулыққа өз үлестерін қосып жүрген өзге дін өкілдеріне ризашылығын білдірді. Жиын соңында облыс әкімі Ержан қажы Малғажыұлына “Қазақтың дәстүрлі мың күйі” атты қалың кітапты тарту етіп, қонақтар мен жиынға қатысушылар естелік суретке түсті.

 

 

Данаш Хамзина.