Спорт

Жерлесіміз Назгүл Маратова жасөспірімдер арасында самбодан әлем чемпионы атанды

Төрткіл дүниені мойындатқан жерлес жас спортшыны қарсы алуға жиналған жұрттың қарасы қалың. Жасөспірімдер арасындағы самбодан әлем чемпионатының жеңімпазы Назгүл Маратованың келуін тағатсыздана күтіп тұрғандардың арасында оның дос жарандары мен бапкері бар.

Дәурен Нұрғожин – Облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының дзюдо мен самбодан бапкері

– Біз өзіміздің шәкіртіміз Назгүл Маратованы күтіп алуға жиналдық. Ол Оңтүстік Кореяда әлем чемпионы атанып, елімізге оралуда. Біз Назгүлмен 5 жылдай уақыт жұмыс жасап келеміз.

Сағат түнгі 12:00-де темір жол вокзалына Назгүл Маратова мінген пойыз келіп тоқтады. Жиналған қауым самбодан әлем чемпионын қол жеткізген жетістігімен шын жүректен құттықтап, гүл шоқтарын табыстауда.

30 ел қатысқан әлем чемпионатында Қазақстанның намысын қырыққа жуық балуан қорғаған. Солардың қатарында жерлесіміз жұлдыздай жарқырады. Десе де, жас спортшының айтуынша оған ақтық бәсеке қиынға түскен екен.

Назгүл Маратова – Жасөспірімдер арасында самбодан әлем чемпионы

– Мен ең соңғы ақтық сында украиндық балуанмен шықтым. Оның салмағы маған қарағанда жеңілдеу болды. Бірақ, жылдам қимылдап, біраз қиындықтар туғызды. Десе де, бар күш ынтамды жинап, қарсыласымды айқын таза жеңіспен тізе бүктірдім. Сөйтіп, украиндық балуан күміс жүлдеге ие болды, ал үшінші орынды Өзбекстан мен Ресей Федерациясының өкілдері қанағат тұтты.

Ендігі кезекте әлем чемпионы Назгүл Маратова дзюдодан Азия чемпионатына дайындығын бастамақ.

Риат Шони.