МТРА жаңалықтары

Дүниежүзілік пошта күніне орай Петропавлда ашық есік күні өтті

Гүлмира Негметжанова, “Қазпочта” АҚ СҚОФ орталық операциялық бөлім басшысы.

-Біз таңғы 8ден кешкі 19-00-ге дейін халыққа қызмет көрсетеміз. Тұрғындарға жәрдемақы, зейнатақыларын төлейміз. Пошташылар 80 жасқа жеткен қарттардың зейнетақысын үйіне жеткізіп береді.

Пушкин көшесіндегі “Қазпочта” АҚ жергілікті бөлімшесінде комуналдық және басқа да қаржы төлемдерін аудару үшін күніне шамамен 500 адам келеді екен. Дені зейнет жасындағылар. Мұнда әлеуметтік жәрдемақы алушыларға тегін есеп шот ашып береді.

Күлбаршын Ахметова, “Қазпочта” АҚ СҚОФ тұрақты тұтынушысы.

-Пошташылардың еңбегі жемісті болсын. Біз қарттар зейнетақымызды уақытылы алып тұрайық. Еліміз осы бағыттан таймай, қарыштап дами берсін.

Жетпістің бесеуіне келген кейуана Күлбаршын Ахметова поштаның қызметіне жиі жүгінетін жерлестерімізді бірі. Әжей үнемі қозғалыста болу үшін поштаға келіп, коммуналдық төлемдерді өзі өтейді. Және қоғамдық жаңалықтарға бей-жай қарамай, осында келіп жылда газет-журналдарға жазылып тұрады.

Күлбаршын Ахметова, “Қазпочта” АҚ СҚОФ тұрақты тұтынушысы.

-Жылда “Қазақ әдебиеті” газетін алып тұрамын. Құдайға шүкір көзім көреді. Елде, өңірімізде болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермеймін.

Басылымдар демекші. Мұнда қазанның 1-інен келесі 2015 жылға баспа беттеріне жазылу маусымы басталды. Бір қуантарлығы, пошта қызметкерлері қазір қазақ басылымдарына сұраныс еселеп артуда дейді. Мысалы, биылдың өзінде өңір тұрғындары 170 мыңнан астам түрлі басылымдарға жазылыпты. Ата-аналар көбінесе балаларына “Балдырған”, “Айгөлек” сынды журналдарды сұратады екен. Ал, ересектер “Егемен Қазақстан”, “Солтүстік Қазақстан” газеттерін көп оқитын көрінеді.

 

 

Берик Касен.