Спорт

Өңіріміздің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдеріне арналған облыстық семинар өтті

Лейла Әлмағамбетова – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы СҚО бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі.

-Жалпы бұл семинар Петропавл қаласы мен облыстағы дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру аясында өтіп жатыр. Жиында педагогтар дене тәрбиесі сабақтарындағы тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалармен жұмыс жасау және де тыныс алу жаттығуларын жүргізудегі тәжірибелерімен алмасады. Жиын соңында мақсатқа қаншалықты жекенімізді сараптаймыз.

Семинарға қатысушылар дене шынықтыру сабақтарын дәрігердің бақылауымен өткізу, тірек қимылы бұзылған балалардың қимыл-әрекеттеріне баса назар аудару, жалпақ табандылық кезінде емдік дене тәрбиесін жүргізу тақырыптарын талқылап, өз ойларын білдірді. Сонымен қатар жоғарғы әскери оқу орындарындағы курсанттардың денсаулығын жақсарту тақырыбы да басты назарда болды.

Бауыржан Досжанов – ҚР ҰҰ Әскери институты дене шынықтыру дайындығы кафедрасының оқытушысы, запастағы полковник.

-Біздің әскери институтымызда курсанттарға сабақ өткізгенде оларды ең алдымен таңертеңгі дене шынықтырудан бастап дайындаймыз. Күш-қаситеттерін, жылдамдықтарын арттырып, денелерін ары қарай шынықтырамыз. Жалпы бізде жұмыс істейтін мұғалімдердің санаты жоғары.

Кездесу аяқталған соң барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Сонымен қатар семинарға жиналғандар колледж студенттерінің гимнастикалық шоуын тамашалады.

 

 

Риат Шони.