Жеңіс Еслямов, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары.
-Біз 4 бас ірі қара, 5 бас қой және осынша шошқа әкелдік. Сауда сөрелеріне, сондай-ақ, картоп, қырыққабат, сәбіз, сүт өнімдері де қойылды. Әкелген тауарларымыз халықтың көңілінен шығуда. Оны мына ұзын-сонар кезектен байқауға болады. Әсіресе, сүт пен ет өнімдеріне деген сұраныс көп.
Экологиялық таза өнімдерді өңіріміздің 8 ауданы саудалады. Олар халыққа 80-нен астам тауар түрлерін ұсынды. Жалпы соммасы 44,1 млн теңгені құрайды. Жәрмеңкеге ірі тауар өндірушілермен қатар өз үйінің бау-бақшасындағы өнімін жинаған азаматтар да қатысты. Олар көкөніс пен жеміс сатты. Кейбіреуі, бал әкеліпті. Руслан Сагутдинов, тіпті, балдың бірнеше түрін жеткізген. Ол отбасымен 20 жылдан бері бал өндірумен айналысады.
Руслан Сагутдинов.
-Біз бал өнімдерінің келісін мың теңгеден сатып жатырмыз. Тұрғындардың қалауынша, дәмін татып көруге мүмкіндік бар. Жәрмеңкеге 400 келісін әкеліп едік, жақсы сатылуда. Жәрмеңкеге әрдайым қатысып отырамыз.
Айта кету керек, ауылдан жеткізілген таза әрі сапалы өнімдердің құны базар бағасына қарағанда 10-20 пайызға төмен. Тауардың құнына қалтаң қағылмайды, әрі түрі де көп тек таңдай білсең болғаны дейді тұрғындар.
Аудан мен облыс орталығының шығармашылық ұжымдары да өз өнерімен жәрмеңкенің көркін аша түсті. Осындай келесі сауда-саттық қазанның 11-і ұйымдастырылады.
Бану Ахметова.