Қоғам

Елімізде қазанның 1-інде ҚР парламентінің сенатына депутаттарды сайлау өтті

Біздің өңірімізде сенаторлық мандатқа екі үміткер таласқан болатын. Солардың бірі Қызылжар және Айыртау аудандарының депутаттары ұсынған – Ольга Перепечина болса, екінші жерлесіміз өзін-өзі ұсынған Владимир Отрадных. Жалпы саяси науқанда дауыс беруге 206 халық қалаулысы қатысыпты.

Сайлаудың қортындысы бойынша 171 дауыс жинап, бабы мен бағы қатар шапқан Ольга Перепечина жеңіске жетті. Ал оның қарсыласы Владимир Отрадныхты мәслихат депутаттарының 33-і қолдаған. Маңызды шараны 9 халықаралық бақылаушы қадағалады. Өз кезегінде жаңадан сенаторлыққа сайланған статистика департаментінің бұрынғы басшысы Ольга Перепечина сенім білдірген жерлестеріне ризашылығын жеткізіп, әлі де болса өңір, жалпы еліміздің дамуына үлес қосатындығын жеткізді.

Ольга Перепечина – ҚР Парламенті сенатының депутаты.

-Ең алдымен, бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Өйткені, мен енді өңір мүддесін Қазаққстан Республикасы Парламенті Сенатында қорғайтын боламын. Бүгінгі таңда депутаттарға зор жауапкершілік жүктелген. Олар Елбасының 30 бәсекеге қабілетті елдің қатарына ену тапсырмасын орындауға үлес қосуы шарт. Бұдан өзге әлеуметтік бағдарламалардың орындалуы, мемлекеттік бағдарламаларды қадағалау міндеті тұр. Солтүстік Қазақстаннан сайланғаныма қуаныштымын. Мен үшін дауыс берген жерлестеріме алғысымды білдіремін. Енді бар білімім мен жігерімді осы өңірімізде туындаған мәселелерді шешуге жұмсамақпын.

 

Магжан Ахмадина.