Білім

Петропавлда Студенттік шеру өтті

Осылайша, 1 мыңнан артық жас азамат бір ұзын сап құрап университетке қарай беттеді. Араларында 300-ге жуық оқушы бар.

Бұл – өңірімізде өткізіліп жатқан екінші студенттік парад. Түрлі білім мекемелерінде оқитын көңілді әрі белсенді жастардың осылай басын қосу – дәстүрге айналды дейді ұйымдастырушылар.

Данияр Әбутәліпов – СҚО Жастар бастамалары орталығының директоры.

-Негізгі мақсатымыз – жастарды біріктіре отыра өткен жылдың қорытындысын шығарып, белсенді, үздік студенттерді марапаттау.

Жастардың көбі еліктегіш келетіні рас. Әсіресе, мектеп қабырғасынан шығып, үлкен өмірге аяқ басқан 1-ші курс студенттері. Бірақ, көпке күйе жағудың қажеті жоқ. Ертең елінің жарқын болашағы үшін, халқының бай-қуатты болуы үшін аянбай еңбек ететін өнегелі ұрпақ, міне, мына азаматтардың арасында аз емес екеніне сенім мол. Осы ретте нағыз патриот жастармен жүздесуге келген алдыңғы толқын өкілдері өздерінің ағалық ақылдарын айтты.

Жиынның салтанатты сәті – ол оқуда озат, қоғамда белсенді жастарды марапаттау. Бүгін осындай үлгілі 11 студентке дипломдар мен кәдесыйлар тарту етілді. Үздіктер қатарында әрі әнші, әрі КВН-ші жігіт – Жантілеу Тасболатов та бар.

Жантілеу Тасболатов – СҚ кәсіптік-педагогикалық колледжінің 4-ші курс студенті.

-Мен бұған өте қуаныштымын. Бірінші емес мұндай жетістікке жетіп жатқаным. Талай рет жетістіктерге жетіп жатырмыз. Рахмет айтамын осындай студенттік парад өткізіп жатқандарына. Болашақта Алла жазып жұмысқа орналасқан кезде бұның да жақсы үлесі болады.

“Студенттік Парад-2014” деп аталатын шерудың соңы ән шашуға ұласып, салауатты өмір салтын, оқу мен спортты қолдайтын жастар көппен бірге билеп, ән айтып тарқасты.

 

 

Данаш Хамзина.