Балалар

Ел көлемінде жұмысшы мамандардың арасында байқау жарияланды

Владимир Литвиненко, СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары

– Бұл байқау ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитеті және “Қазақстанның еңбекші және ауыл жастары қауымдастығымен” бірлесіп жүзеге асырылуда. Ол халық арасында жұмысшы мамандығын насихаттау, жастарды кәсіптік білім алуға тарту, жұмысшылардың біліктілігін арттыру және сапалы маман даярлау бағытындағы өзекті мәселелерді шешуді мақсат етеді.

Үміткерлерден өтінім қабылдау уақыты қыркүйектің 10-на дейін жалғасып, байқаудың қорытындысы Астана қаласында жарияланады. Жеңімпазға берілетін жүлде қоры кемінде 50 мың теңгені құрап отыр. Жалпы біздің өңірден аталған сайысқа 30-ға жуық адам қатысады деп жоспарлануда. Келесі жылы “Еңбек адамы” байқауындағы аталымдар санатына тағы ауыл шаруашылығы саласы мен ІТ технологиясы қосылуы мүмкін.
Жиында бұдан кейін инженер-техник мамандықтарын меңгерген жастарға қатысты тақырып қозғалды. Олар енді биылдан бастап “Болашақ” бағдарламасы арқылы шет елде тәжірибеден тегін өте алады. Ол үшін үміткердің аталған сала бойынша жоғары білімі мен кемінде 3 жыл еңбек өтілі болуы тиіс. Және бір шет тілін білу міндетті.

Ирина Торопова, СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы

– Үміткерлер “Болашақ” бағдарламасының стипендиаты атану үшін бірқатар құжаттар тапсырып, бірнеше кезеңнен құралған сынақтан өтеді. Сұратқан құжаттарды үміткер Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе Е.ГОВ электрондық порталы арқылы тапсыра алады. Содан кейін, шет тілінен сынақ тапсырып, тілді білетіндігі туралы тиісті сертификат алуы тиіс. Егер ол куәлік азаматтың қолында бар болса, тіпті жақсы. Онда ол сынақтан босатылады. Сонымен қатар, ҚАЗ тест жүйесі бойынша сынақ тапсырады. Одан кейін, психологиялық тестен өтеді. Соңында коммисиямен мүшелерімен кездесіп, арнайы сұрақтарға жауап беруі қажет.

Басқосуда тағы бір республикалық “Бизнес-прорыв” байқауының талаптары айтылды. Оған 18 бен 29 жас аралығындағы жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
Бұл сайыста үміткерлер жаңа бизнесті құру немесе оны кеңейту турасындағы мүмкіндіктерін паш етеді. Егер бизнес-жоба республикалық комиссия мүшелерімен мақұлданса, онда үздік жобаның авторына 5 млн. 500 мың теңгенің гранты табысталады. Өтінішті, облыстық кәсіпкерлер палатасына әкеліп тапсыруға болады. Немесе 50-36-42 телефон нөміріне қоңырау шалыңыз.

Берик Касен.