Бұндай санитарлық жағдайдан жақын маңдағы тұрғын иелері әбден қажыған. Айналада шашылған қоқыс балалар алаңқайына дейін жеткен.
Юрий Никитин – Жамбыл көшесі 298, а үйінің тұрғыны
– Ауламыздағы бұл қоқыс қалдықтары бізге көптеген қиындықтар келтіруде. Әсіресе жазғы уақытта жағымсыз иіс үйдің ішіне дейін тарайды. Айнала бәрі лас. Жем іздеген ит-мысықтың бәрі осында жүреді.
Жалпы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, қоқыс жәшіктері тұрғын үйден 100 метрдей жерде орналасуы тиіс. Ал бұл аулада аталған ереженің ескерілмегені бір қарағаннан-ақ көрініп тұр.
Баспана тұрғыны Ирина Кондратьева қоқыс жәшіктерін өзге аумаққа ауыстыру керектігін айтып талай есікті қаққан.
Ирина Кондратьева – Жамбыл көшесі 298 а үйінің тұрғыны
– Мен бұған дейін қала әкіміне туындаған мәселені айтып, хат жазған болатынмын. Ол аз десеңіз, 2 рет қалалық прокуратураға шағымдандым.
Ағымдағы жылы қалалық ТКШ бөлімінің мамандары Петропавл қаласының тұтынушылар құқығын қорғау басқармасымен бірігіп қоқыс жәшіктерінің жаңа орналасатын жерін де анықтап қойған екен. Алайда қазір ол жерде заңдастырылмаған гараж орналасқан. Сөйтіп, баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр. Біздің арна тілшілері қалалық прокуратураға осы мәселе жөнінде сұрап білген еді. Ондағылар тұрғындарды кінәлап отыр. Олар жиналыс ұйымдастырып, қоқыс жәшігіннің жаңа орнын анықтауы тиіс.
Бакыт Садуакасов.