Екатерина Хафизова- «Eurasian Group» ЖШС бөлім басшысы, Көкшетау қаласы
– Бүгін біз F440m азық даярлағыш техникасын көрсетеміз. Ол Қазақстан нарығына жаңадан келген машиналардың бірі. Бұл бағыттағы өңіріміздің әлеуеті зор. Белсенді дамып, инновациялық техникаларды да көптеп алып келеміз.
Жаңа техника түрлері өңір шаруаларының көңілінен шықты. Соңғы уақытта елімізде құрастырылған комбайндар да шетелдік үлгілерінен еш кем түспейді дейді диқандар.
Оразғали Құдабаев- «Земля Возвышинки» ЖШС директоры
– Нақ осындай техника менің шаруашылығымда да бар. Бірақ мендегісі отандық өнім. Ол шетелде шығарылған машинадан қай жағынан алсақ та кем түспейді.
Заманауи машиналардың әлеуетін өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов та байқады. Облыс әкімін олардың қайда жасалатындығы қызықтырды. Сонымен қатар, аймақ басшысы неміс және беларусь фирмаларының өкілдерін Петропавлға келіп, екі жаққа да тиімді әріптестік орнату мәселелерін талқылауға шақырды. Өйткені облыс орталығында машина жасау саласын дамытуға барынша жағдай жасалған. Нақ осы жерде, өңір жетекшісі Ерік Сұлтановқа көкөніс жинауға арналған машиналардың тың түрлері жайлы баяндап берді.
Ал мынау ескі техника. Сыры кетсе де, сыны кетпеген. Тыңды көтеруге қатысқан комбайндар әлі күнге дейін нанды алуға қомақты үлес қосып келеді. «Тайынша- астық» ЖШС басшысы Анатолий Рафальский облыс әкіміне олардың әрқайсысы жайлы айтып берді. Кейін жиналғандар кәсіпорынның егіс алқаптарында болды. Қазір мұндағы жұмыстар қызған. Мал азығы жиналып, арпа орылып жатыр. Агроқұрылым жетекшісі ауа райы қолайлы болса, ай соңында астықты толық қуатта жинауға көшетіндігін жеткізді.
Анатолий Рафальский «Тайынша- астық» ЖШС директоры, Тайынша ауданы
– Егіс алқаптарының құрылымы өткен жылғысымен салыстырғанда өзгерді. Егістік алқаптарын әртараптандырып, майлы дақылдардан күнбағыс, рапс, зығырды қостық. Азықтық бағыттағы астықтың түрлерін едәуір ұлғайттық. Ол да жақсы нәтижеге бастайды.
Ал судан шөбі өсіп тұрған алқапта облыс әкімі Ерік Сұлтанов азықты сақтаудың жаңа технологиясымен танысты. Ол үшін серіктестіктегілер агрострейчті қолданады екен. Мұндай қабыршақ жемшөпті бір жылға дейін сақтауға септеседі. Аймақ басшысы кәсіпорынның жұмысына оң бағасын беріп, әр күнді тиімді пайдаланып, астықты ысырапсыз жинап алу қажеттігін ескертті.
Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі
– Облыста егіс көлемі 4 млн 345 мың гектарды құрайды. Соны қысқа уақытта, сапалы түрде жинауға дайынбыз. Бидайды алатын болсақ, гектарынан 15 центнер аламыз деп отырмыз. 5 млн. нәтиже сондай болады деген ойдамыз.
Сондай ақ, облыс әкімі кәсіпорыннның жем- азық базасын байқады. Мұнда пішендеме дайындалып жатыр. Ерік Сұлтанов агроқұрылымның мал фермасында да болды. Серіктестік етті-сүтті бағыттағы ірі қараны өсірумен айналысады. Кейін өңіріміздің агро- өнеркәсіп кешенінің мамандары семинар кеңесте бас қосты. Жиынды ашқан өңір басшысы Ерік Сұлтанов солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер көктемгі-жазғы маусымда жемісті еңбек еткендігін атап өтті. Өңір аграрийлерінің алдындағы ендігі мақсат – астықты шашау шығармай, барлық агротехникалық әдістерді қолданып, уақытылы жинап алу. Күзгі дала жұмыстарының ұйымдастырылуы жайлы толығырақ ақпаратты жиылғандарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров баяндап берді. Биыл өңір шаруалары 4 млн. 345 мың гектар жерге сіңірілген ырыс дәнін жиып алуы қажет. Бұл шаруаларға 20 мыңнан астам техника жұмылдырылмақ. Олардың 700-і 2014 жылы алынған су жаңа машиналар.
Айдарбек Сапаров- СҚО әкімінің бірінші орынбасары
– Жердің құнарлылығын арттыру мақсатында ағымдағы жылы 331,5 мың гектар алқапқа 34,3 мың тонна минералдық тыңайтқыштар сіңірілді. Егістік жерлер гербецидпен өңделіп, зиянкестерге қарсы 486 мың және түрлі ауруларға қарсы 713 мың гектар аумақта алдын алу шаралары жүргізілді. Шаруалар жаздық егінді жинауға тамыздың 20-22 кірессе, жаппай орақты 28-30-ы бастамақ. Диқандар маңынды науқанды 30-35 күнде еңсеруі қажет.
Бүгіндері өңірімізде 56 элеватор жұмыс істейді. Солардың 50-уі алғашқы астықты қабылдауға әзір. Сыйымдылығы 300 мың тонна болатын тағы 7 нан қабылдағыш кәсіпорын жуық арада іске қосылмақ. Облыста жаңа техникаға қызмет көрсететін және диллерлік 14 орталық бар. Күзгі жұмыстарды ойдағыдай аяқтауға үкімет тарапынан 72 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлініпті. Олардың 1 литрі 110 теңгеден аспайды. Айдарбек Сапаров астық бастыру жұмыстарының алғашқы күнінен-ақ, керек мөлшердегі тұқымдық өнімді сақтауға кеңес берді. Ал маңызды науқандағы ауа-райына қатысты болжамдарын шаруаларға синоптиктер жеткізді.
Қымбат Мергалимова- «Казгидромет» МКК СҚО бойынша филиалының директоры
– Айдың бас кезінде батыс жақтан суық жел ойысады. Ол барлық өңір аумағында жаңбырлы әрі желді ауа райын қалыптастырады.
Сондықтан, жиында шаруаларға уақытты жоғалтпай, жаймашуақ күндерді пайдаланып, астықты жинап алу тапсырылды. Қыркүйек айында жауын-шашын да суық күндер де болады деп күтілуде. Жалпы семинар-кеңес жұмысына аймағымыздың 350 агро-өнеркәсіп кешенінің маманы қатысты.
Магжан Ахмадина.