Қоғам

Темір тұлпарда болуы қажет дәрі-дәрмек қобдишасының құрамы өзгертілді

Насриддин Захуров- жүргізуші

– Жүргізушіде дәрі-дәрмек қобдишасы әрқашан болуы шарт. Өйткені, оқыс оқиға бола қалған жағдайда оның көмегі орасан болмақ. Әсіресе, алғашқы медициналық көмек көрсеткенде жараны таңатын бинт, йод сияқты заттар міндетті түрде қол астында тұруы қажет.

Жалпы автокөліктегі қобдишаға салынатын дәрі- дәрмектің құрамы үнемі жаңартылып отырады. Бүгіндері оның ішіне 17 препарат кіреді екен. Биылдан бастап, олардың қатарына парацетамол, сульфацетамид сынды дәрілер қосылса, керісінше бұрын тізімге кірген этил спирті мен ине сынды заттарды қобдишадан алып тастау қажет. Көлікте дәрі- дәрмек қобдишасы болмаған жағдайда жүргізішелерге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бірақ, темір тұлпар иелерінің бұдан өзге құқық бұзушылықтары да азаймай отыр. Ағымдағы жылдың 7 айында облыс бойынша жолда жүру ережелерін елемеудің 49 мыңнан астам фактісі тіркелген.

Әбілсейіт Жолаушин- СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы

– Көп жағдайда жүргізушілер жолдың қарсы жолағына шығу, жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілерді өткізбеу және мас күйінде рөлге отыру сынды құқық бұзушылықтарды жасайды. Күніне 200-ге жуық осындай жайттар тіркеледі. Қазіргі күні жылдамдық өлшейтін құрылғыларды елемейтіндер де табылып жатыр

7 мыңнан астам адам қауіпсіздік белдігін тақпағаны, тағы 5 мыңнан астам жүргізуші рөлде ұялы телефонды қолданғаны үшін жауапкершілікке тартылыпты. 1532 темір тұлпар иесі көлікті мас күйінде тізгіндегені үшін жазаланса, солардың 928-і жүргізуші куәлігінен айырылған. Жаяу жүргіншілер де жол ережелерін белшесінен басып, ескертулерді елемейтін көрінеді. Жыл басынан 6 мыңнан астам осындай жан әкімшілік жауапкершілкке тартылған.

 

Магжан Ахмадина.