Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Айыртау ауданында жұмыс сапарымен болып қайтты

Тұраб АЛғазиев – «ЗАТ» шаруа қожалығының жетекшісі
Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан Облысының әкімі

– Қанша егесіз?

– Мен енді бастадым, техникалар жоқ еді, жақында кредит алдым, техникалар алдым, қазір 20 гектардан асық егіп жатырмын. Әрекет жасап көреміз деп жатырмыз.

– Әрекет жасағанда көрейік, кредит жағын бәрін көмектесейік, агрофинанстың кредиттерімен, лизингпен техниканы алуға болады. Оның өзінің условиялары жақсы. Соның бәрін қарастырайық.

Одан соң өңір жетекшісі Имантау ауылында жеке кәсіпкер Тавфик Омаровтың үйіне ат басын бұрып, ауласындағы жылыжайдың жұмысымен танысты. Омаровтар отбасы бұл кәсіппен 14 жыл көлемінде айналысып келеді. Бүгінде олар көкөніс пен гүлдердің ондаған түрін өсіруде.

Арықбалық ауылдық округіндегі мәдениет үйінде 2 үйірме мен 3 вокалдық топ жұмыс істейді. Мұнда кітап қоры 40 мыңнан асатын кітапхана да келушілер үшін есігін айқара ашқан. Биыл басылымдардың қатары тағы да 140-қа көбейіп отыр. Осы ауылда былтыр көлікті жөндеу және қызмет көрсету станциясы ашылған екен, жоба құны 8 млн. теңге. Бүгінде мұнда 5 адам қызмет етеді, орташа жалақылары 64 мың теңге. Сонымен қатар, Арықбалық ауылында өңір басшысы «Миллениум» шаруа қожалығында жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті.

Ал «Арна» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 25 млн. теңгеге 156 бас қара мал сатып алған. Жем-азық жинайтын 25 техникасы дайын. Биыл Саумалкөл ауылында «Гормолзавод» ЖШС-нің филиалы ашылмақ, оған 35 млн. теңге қаржы жұмсалған. Күніне 3-4 тонна сүт қабылдауға қауқарлы кәсіпорынның жылдық өнімділігі 900 мың тонна болады деп жоспарлануда. Болгариядан жеткізілген құрылғылардың барлығы заман талабына сай дейді мамандар. Қазір Володаровка, Арықбалық, Имантау, Константиновка ауылдық округтерінен сүт жинау үшін 3 көлік қарастырылған. Сүт цехы ай соңында ашылмақшы. Бұл күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов «Баянтай» ЖШС де болып, ондағы шағын-элеватордың құрылысымен танысты. Сыйымдылығы 20 тоннаны құрайтын нысанды салуға серіктестік 370 млн. теңге қаржы жұмсаса, 300 миллионы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша бөлінген. Серіктестіктің қарамағында 10 мың гектар алқабы бар. Мал шаруашылығымен де айналысу мақсатында олар 50 бас ірі қара сатып алған. Өңір басшысы бұл істі жандандыру керектігін айтты.

Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан Облысының әкімі

– Жол картасымен көмек беріп жатырмыз, сондықтан мал алған дұрыс. Халыққа жұмыс істемесек мал алып, халықтың жағдайы жақсы бола қоймайды. Қара малдың өзі субсидиясы көп қой, мысалы сатып алсаңыз 250-260 мың қайтып аласыздар. 10 мың жерге 2000 қара мал ұстау керек.

Серіктестіктің қарамағындағы элеваторды үстіміздегі жылдың қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр.