Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерге көмек қолын созатын тағы бір орталық ашылды

Темірғали Маекенов – “Қазақстанның Халық банкі” АҚ СҚОФ директоры:

 

– Кәсіпкерлерге кеңес беру орталығы Халық банкінің барлық филиалдарында, яғни аудан орталықтарында да қарастырылған. Сондықтан, әр елді-мекендік кәсіпкер біздің өкілдіктерге жүгініп, мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлерді қолдау амалдары туралы ең негізгі ақпаратты ала алады.

Айту, керек, бүгінде аталмыш қаржы институтының барлық аудандарда филиалдары бар. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің бірінші кезекте, осы халық банкімен меморандумға тұруының бірден-бір себебі де осы. Мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінетін қаражат шалғайдағы елді-мекендерге де жетуі тиіс.

Орталықта іскер жандар кәсіпкерлер палатасы, “Даму” және халық банк ұсынатын қызметтер туралы молынан ақпарат ала алады. Әсіресе, “Бизнестің жол картасы 2020”, “Даму” қоры аясында қаржыландырылатын өңдеуші өнеркәсіпті қолдау бағдарламалары, нәзік жандыларды несиелендіру, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерліктерді қолдау туралы жан-жақты мәлімет беру қарастырылған.

Нелли Кукушкина – СҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Орталықта кәсіпкерлерге “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы бойынша қандай қолдау көрсетілетіні, іскер жандардың бұл бағдарламаларға қатысу шарттары, бизнесмендерге көрсетілетін сервистік көмектер туралы мағлұмат беру қарастырылған. Сондай-ақ, кез-келген кәсіпкер несие бойынша пайыздық ставканы субсидиялау, несиелерді кепілдендіру, грант алу жөнінен де осы орталыққа жүгіне алады. Барлық қызметтер “бір терезе” принципінің негізінде тегін көрсетіледі.

Алдағы уақытта осы жерде кәсіпкерлерге “Қазагро” желісі бойынша несие алу шарттарын да түсіндіру жоспарланған.

Әскербек Нұғыманов пластикалық терезе жасайтын серіктестікке жетекшілік етеді. Жақын уақытта жаңа өндіріс ошағын ашуды көздеген кәсіпкер бүгін орталыққа келіп, несиелендіру шарттарымен танысуды жөн санапты.

Әскербек Нұғыманов – “СК Качество” ЖШС директоры.

– Бұған дейін несие алып көрген емеспіз. Ендігі кезекте, кәсібімізді кеңейтіп жаңа өндіріс орнын ашуды көздеп отырмын. Қазіргі ғимаратты жалдап келеміз. Алдағы уақытта өзімізге жеке ғимарат салып, жаңа қондырғы алсам деймін. Осы орталықта маған ыңғайлы мемлекеттік бағдарламалар туралы, несиелендіру шарттары жайлы біле аламын.

Кәсіпкер, бұндай кеңес беру орталықтары әсіресе, ісін енді бастағысы келетін жандарға пайдалы болады дейді. Барлық мемлекеттік бағдарламалардан хабардар болу үшін халық банкінің менеджерлері де бір ай көлемінде кәсіпкерлік палатасы өкілдерінен тәлім алған.

 

Шохтыбаева Гульмира.