Ауыл шаруашылығы

Жарты жылда “Сыбаға” бағдарламасы бойынша асыл тұқымды ірі қара сатып алуға 157 млн. теңге несие берілген

Дмитрий Шледевиц – “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ бас маманы.

– Қазіргі таңда “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 707 бас сиыр және 38 бас бұқа сатып алуға 157 млн. 700 мың теңге несие берілді. Сондай-ақ, алдағы аптада 290 бас мал сатып алуға өтініш берген 4 кәсіпкерге қаражат беру көзделген. Бұдан бөлек, тағы сонша мал сатып алуды несиелендіру бойынша құжаттар қарауда жатыр.

Осы уақытқа дейін “Сыбағаға” Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов және Ақжар аудандарындағы шаруалар белсенді қатысқан. Соңғы уақытта оған қызылжарлықтар да ерекше қызуғушылық танытуда. Аграрлық несие корпорациясындағылар өзге аудандардағы шағын шаруашылықтарды да қаржылай қолдауға әзір. Мемлекеттен жыл соңына дейін 3300 бас ірі қара сатып алуға қаржы бөлініпті. Бұл бастапқыда қарастырылған сомадан 6 есе артық. Сондай-ақ, қой мен жылқы ұстаймын дегендерге де жақсы жаңалық бар. Үстіміздегі айдан бұл бағыттар бойынша жаңа бағдарламалар қолға алынды.

Дмитрий Шледевиц – “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚОФ бас маманы.

– Жылқы шаруашылығымен айнасатындарға 120 ай мерзімге 4,5 млн. теңгеден бастап несиелендіру бағдарламасы іске қосылды. Жеңілдетілген мерзім 36 айды құрайды. Қой шаруашылығын қолға алғысы келетіндер де 7 жыл мерзімге дейін біздің корпорация арқылы кемінде 5 млн. теңге қаражат ала алады. Несиенің пайыздық үстемесі 14 пайыз болғанымен, оның 7 пайызы мемлекет есебінен субсидияланады.

Қос жаңа бағдарламаның шарттары “Сыбағамен” үндес. Мұнда да несие асыл тұқымды, әсіресе етті бағыттағы жылқы мен қой сатып алуға беріледі. Тек мал ұстауға ниеттенген кәсіпкердің жайылымдар мен мал қорасы болуы тиіс. Қазірдің өзінде етті бағыттағы жылқыларды өсіруге бел буған Тайынша ауданының тұрғыны 4,5 млн. теңге несие алуға өтініш білдіріпті.

 

Шохтыбаева Гульмира.