Билік

“Береке” шағын ауданында халыққа 10 үй тапсырылады

Төлеген Закариянов – Петропавл қаласының әкімі

– Облыс әкімінің араласуының арқасында жағдай тұрақтала бастады. Біз экономикаға 12 млрд. теңге көлемінде инфестициялық кіріс күтудеміз. Болашағы зор жобалардың жүзеге асуы бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік бермек. Бірінші жартыжылдықта Индустрияландыру картасына 5,3 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба енді. Нәтижесінде, қосымша 368 жұмыс орны құрылады.

Қала әкімінің есебін тыңдап болғаннан кейін облыс басшысы Ерік Сұлтанов шаһарда атқарылмай қалған істерге тоқталды. Петропавлда тұрғын үй-коммуналдық секторды абаттандыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Облыс әкімінің ғаламтордағы блогына күн сайын бірнеше өтініш келіп түссе, соның 80 пайызы қала тұрғындарының бұйымтайы екенін өңір жетекшісі атап өтті. Оларды толғандыратыны – жолдың жағдайы, қаланың көркі, балабақшалардағы орын жетіспеушілігі, коммуналдық қызметтердің жұмысы, әсіресе, қоқыс шығарумен байланыстысы. Ерік Сұлтанов олардың шешілетінін жеткізді. Бірақ, оған қыруар уақыт керек, халық бұл іске түсінушілікпен қарағаны дұрыс.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Осы жолы аулаларды қалыпқа келтіруге әжептәуір қаржы бөлдік. Жаңа қала әкімі өзінің баяндамасында тамыз айында балаларға арналған 20 алаңқайдың салынатынын айтты. Бұл – істің бастамасы ғана. Мен барлық аулаларды абаттандыруды тапсырамын.

Сондай-ақ, қыс кезінде хоккей ойнауға арналған алаңның кемінде он бесі құйылмақ.
Жылдар бойы айта-айта жауыр болған әуежайдың да мәселе түйіні тарқатылайын деді. Жұмысшылардың 7 ай берілмеген жалақысы толығымен қайтарылған, енді ұшып-қону жолағы мен жолаушылар терминалы жөнделіп, әуежай 2015 жылдың соңына қарай “халықаралық” деген атына заты сай болмақ.
Облыс орталығында ірі өнеркәсіп орындары бар. Петропавл ауыр машина жасау зауытының қауқары жеткілікті, соны алдағы уақытта тиімді пайдаланып, қуатын арттыру қажет деді өңір басшысы.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Біз жуырда қазандыққа тиесілі құрылғыларды жасайтын жаңа цехты іске қостық. Оған биыл 1 млрд. 200 млн. теңгенің тапсырысы табылды. Шындығына келсек, біздегі бүкіл зауыттардың жұмысына қарқын қосу қажет. Осы жылдың 5 айындағы шығынның көлемі былтырғының сәйкес мерзімімен саалыстырғанда 23 млн. теңгені құрап отыр. Осы орайда, Қорғаныс министрілігнде болып, ұлттық компаниялардың өкілдерімен кездесудің нәтижесінде қосымша 12 млрд. теңгеге келісім-шартқа отырып, жұмысшылардың барлығын еңбекпен қамту мүмкіндігіне қол жеткіздік.

Сондай-ақ, өңір жетекшісі өз сөзінде осында салынып жатқан дүниелердің өзімізде өндірілген материалдардан тұрғызу қажеттігілін ескертті.
Бүгінде мұнда 3 пен 6 жас аралығындағы 4 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Осы орайда, алдағы 2 жылда 10 балабақша салынып, 3 мыңнан астам бүлдіршінді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жоспарланып отыр. Бұл – мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің аясында жүзеге аспақ.
Осы тұста облыс әкімі қаланың бюджетіне тоқталды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Қаланың бюджеті 20,4 млрд. теңгені құраса, жеке кіріс -10.3 млрд.теңге. 6 айдың қорытындысы бойынша бюджет 81.8 пайызға орындалған. Бұл – негізі, төмен көрсеткіш. Мұндайға жол бермеу қажет. Тиісті шараларды қолға алып, аталған көрсеткішті 99 да 9 пайызға жеткізу қажет. Жерде жатқан ақша жоқ. Үкімет бергеннен кейін оны игеру керек. Тіпті, мемлекеттік сатып алулар бойынша қандай да бір кедергілер туындағанның өзінде жұмысты аяғына дейін тындыру қажет. Біз 2014 жылы байқаулардың барлығын өткізіп, 2015 жылға арналған бүкіл келісім-шарттарды жасасуымыз қажет. Сәуірден бастап уақытты құрылысқа тиімді пайдалануға тиіспіз. Нәтижесінде, салынған үйлер мен балабақшалар сапалы болмақ.

Облыс басшысы Петропавлдың әкіміне қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты тиісті тапсырмалар жүктегеннен кейін, сөз кезегі тұрғындарға берілді. Олар балалар алаңқайын салу, жол мәселесін қозғап, жалпы шаһарда қарқын алған оң өзгерістер үшін өңір басшысына ризашылықтарын білдірді.

 

Данаш Хамзина.