Билік

Аққайың ауданының 2014 жылдың 6 айындағы әлеуметтік- экономикалық дамуы

Ерік Сұлтанов ат басын тіреген алғашқы нысан Аққайың ауданы Шағалалы ауылындағы мәдениет үйі. Екі қабатты ғимараттың жалпы көлемі 1350 шаршы метр. Акт залы 430 орынға шақталған. Нысанның іші-сыртын жөндеу үшін кем дегенде 50 млн теңге қажет. Облыс әкімі бұл мәселе оң шешімін табатынын айтты. Өңір басшысы ауылшаруашылық тәжірибе станциясының мал сою пунктіне барды. Аққайың ауданының орталық ауруханасының 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен жылу қазандығы да өңір жетекшісінің назарынан тыс қалмады. Қордаланған мәселелер облыс әкімінің қатысуымен өткен активте қаралды. Жиын барысында Аққайың ауданының әкімі Қайрат Қасенов 2014 жылдың бірінші жартыжылындағы әлеуметтік-экономикалық даму жайында есеп берді.

Қайрат Қасенов Аққайың ауданының әкімі

– Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айында ауданның орташа жалақысы 61 мың теңге болды. Бұл өткен жылдың салыстырмалы мерзіміне қарағанда 116 пайызға жоғары. Ауылшаруашылығы саласындағы орташа жалақы 64 мың теңге. Біздің мақсатымыз орташа айлықты облыс көрсеткішіне дейін жеткізу. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 668 млн теңгені құрайды. Смирнов ауылында элеватор құрылысы аяқталды. Оның жылдық қуаттылығы 6 тонна. Сондай-ақ, «Бай-бидай» элеваторының құрылысы басталды. Оның жылдық қуаттылығы 30 мың тонна болмақ. Қиялы ауылында қуаттылығы 20 мың тонна болатын элеватор-диірмен кешенін салуды бастадық.

Жыл басынан бері «Ірі қара мал еті экспортінің потенциалын арттыру» бағдарламасы бойынша аққайыңдықтар 206 бас ірі қара мал сатып алған. Тағы 1,5 мың бас сатып алу көзделіп отыр. Аймақ басшысы ауданда мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті нығайту керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, Ерік Сұлтанов кейбір саладағы жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізді. Мысалы, егіс алқаптарының саны биылғы жылы айтарлықтай кеміп қалған. Облыс әкімі Қайрат Қасеновқа мәселенің себебін анықтап, тиісті шара қолдануды тапсырды.

Аққайың ауданы облыс орталығына жақын орналасқан. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауданның жағдайын жақсарту үшін бірігіп еңбек етіңіздер, – деді жиналысты қорытындылаған аймақ басшысы.