Спорт

Жасөспірімдер шағын футболдан бақтарын сынауда

Александр Новичков – “Қызылжар” БЖ футбол мектебінің әдіскері.

– Біріншілікте 2001-2002 және 2003-2005 жылғы жеткіншектер жарысқа түседі. Біздің балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде 473-ке жуық балғындар тәлім алады, олардың көбі осы турнирге ат салысады.

Біріншіліктің ашылуына санаулы сағаттар қалды. Жарысқа алғаш рет қатысқалы тұрған ойыншылар киім ауыстыратын бөлмеде жүр. Барлығы қобалжулы. Ал тәжірибелі аяқдоп шеберлері керісінше байсалды. Солардың бірі “Жеңіс” құрамасының шабуылшысы – Алмаз Рамазанов.

Алмаз Рамазанов – “Жеңіс” құрамасының шабуылшысы.

– Бұл жарыс маған өте ұнайды. Біздің командамыздың мақсаты жарысты ұту.

Салтанатты ашылу рәсімінде жергілікті “Қызыл-Жар СК” футбол командасының капитаны Владимир Никлевич те болды. Ол балғындарды турнирдің ашылуымен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.

Владимир Никлевич – “Қызыл-Жар СК” командасының капитаны.

– Сіздер “Қызылжар” командасының болашығы мен үміті екендіктеріңді ұмытпауларың қажет. Мынау жасыл алаң – сендердің армандарыңның орындалуына жетелейді. Салауатты өмір салтын ұстанған жастар әлі талай жетістікке жетеді.

Біріншілікті өткізуге бірнеше компания мен екінші деңгейлі банктер демеушілік көрсеткен. Солардың бірі – “Альянс-Полис” сақтандыру компаниясы.

Анастасия Стоякина – “Альянс-Полис” сақтандыру компаниясының директоры.

-Жас балғындар жақсы ойын өрнегін көрсетіп, біздің үмітімізді ақтайды деп сенеміз. Турнир қорытындысы бойынша үздік командаларға сыйлықтар қарастырылған. Және де жарыстың үздік шабуылшысы мен қақпашысын да марапаттаймыз.

Алғашқылардың бірі болып алаңға “Жастар” мен “Жеңіс” командалары шықты. Ойын барысында құрамалар бірнеше өткір шабуылдармен алмасты. Алайда бірінші голды “Жеңіс” командасы соқты.

Сары жейде киген “Жеңіс” құрамасының ойыншылары шеберліктерін көрсете білді. Аталған команда қарсыластарының қақпасына 7 жауапсыз допты дарытты. Қорытынды есеп 7:0. Шабуыл шебінде жүрген Алмаз Рамазанов 4 гол соғып, турнирдегі алғашқы покердің иесі атанды.

Алмаз Рамазанов – “”Жеңіс” құрамасының шабуылшысы.

-Біз “Жастар” командасымен ойнадық. Оларды 7:0 есебімен ұттық. Мен 4 гол соқтым.

Қаланың ашық біріншілігі 2 айға созылмақ.

 

Риат Шони.